СҚО-ға 500 млн теңгеге ауыз су жеткізілмек

Солтүстікте сусап отырған Якорь ауылын жергілікті билік жарылқайтын болды. Таза ауыз су жеткізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республикалық бюджеттен 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазір мердігерлер көше-көшеге құбыр тартып, құдық қазып жатыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Петропавлдан небәрі 20 шақырым жердегі ауыл. Қазір мұнда 2 мыңнан аса адам тұрады. Елді мекенде су желілері әбден тозып, тұрғындар тіршілік нәрінен жылдар бойы тарығып келеді.

Бұл ауылда су айта-айта жауыр болған мәселе. Елді мекенде тіршілік нәрі сағаттап қана беріледі. «Шіріп кеткен құбырлармен келетін су ішуге жарамсыз», – дейді тұрғындар.

Людмила Марисова, Якорь ауылының тұрғыны:

– Суды жоқ деуге болады. Ауылдың басында болар-болмас қана ағады. Біздің жаққа мүлдем жетпейді. Сондықтан сорғы қойып амалдаймыз. Әсіресе, жаз айларында қиналамыз.

Якорь ауылындағы су желілері сонау 70-інші жылдары салынды. Содан бері тоз-тозы шыққан құбырлар жарым-жартылай ғана жөнделген. Биыл бұл мәселе өз шешімін тауып, желілер толық жаңартылатын болды.  

Сергей Колесников, мердігер ұйымның қызметкері:

– Ауыл бойынша 13 шақырым құбыр салынады. 155 құдық қойылады. Әрі қарай тұрғындар үйлеріне өздері тартқызып алады. Негізгі жұмысты биыл аяқтаймыз деп отырмыз.

Қызылжар ауданында орталық су жүйесіне қосылмаған әлі 20 ауыл бар. Тұрғындар тіршілік нәрін қысы-жазы тасып ішеді. Бұл – күн тәртібінен түспеген мәселелердің бірі.

Қуандық Шақыбаев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Ең негізгі мәселе – Соколов топтық су құбырының құрылысында. Су комитетінің мәліметі бойынша қазір жобаға түзетулер енгізіліп жатыр. Содан кейін байқау жарияланады. Бұл Қызылжар ауданындағы 10 ауылды тіршілік нәрімен қамтуға мүмкіндік береді.

Биыл облыс бойынша 55 елді мекенге су тартылады. Олардың арасында тек қана құдыққа қарап отырған ауылдар да бар. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 12 млрд. теңге бөлініп қойды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев