Қарағандылықтар қант таппай қалды

Үй маңындағы ұсақ дүкендер тұрмақ ірі сауда үйлерінің де сөресінде жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі аяғынан таусылып, қаланы шарлап жүріп тапқандары 500 теңгеден сатып алған. Алайда әкімдік мамандары тұрақтандыру қоймаларында 400 тоннадан астам қант бар деп міз бақпайды. Бірақ ол тұтынушыға неге жетпейді? Онысы белгісіз. Сауда үйлеріне сабылған халық қазір қант тапшылығына тап болып отыр. Тәттінің сөресіне келгендер «қант жоқ» немесе «бір қолға 1 келіден» деген жазбаны көреді. Кей адамдар тіпті бір келі болсын қант алып қалу үшін сауда орталықтарын торуылдап жүргендерін айтады.

Ғайнікен Түсіпова, қала тұрғыны:

Мен осында күнде келемін ғой, 4-5 күн болды мында қант жоқ. Бұрын сағат 2-ден кейін түсіетін қант. Сосын бір қолға бір келі ғана беретін еді. Сол қанттың өзі таусылып қалды. Енді қант іздеп жүрмін.

Ал әкімдіктегілер болса қазір тұрақтандыру қоймаларында 400 тонна қант бар, қажет болса тағы жеткізіледі деп отыр. Мамандар тек бір аптада шамамен 20 тонна қант дүкен сөрелеріне жөнелтіледі дейді. Сондай-ақ облыстың шалғай елдімекендеріне де қажетті көлемде қант үздіксіз жіберіліп тұрады екен. 

Мереке Жұмаділов, қойма меңгерушісі:

– Әлеуметтік павильонның барлығында қант бар. Олар осы жерден келіп, әр жұма сайын тиеп алып кетеді. Ал ірі СО-ы өздері қанша келі алуға өтініш береді, соншасын шығарып береміз. Әлеуметтік маңызы бар тауар болғандықтан,бізден келісін 373 теңгеден алады да, өзіндік 15 проценттік үстемесін қосады.

Жұлдыз Құсайын, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі таңда облысқа ай басынан бері 400 тоннадан астам қант жеткізілген және коммерциялық қоймада 334 тоннадан астам қант бар. Жәнеде СПК тұрақтандыру қорында 465 тоннадан астам қант өнімі бар. Және тауарлық интервенция жүргізілуде.

Атап өткен жөн, әлеуметтік маңызы бар тауар бағасына қосылатын үстеме 15 проценттен аспауы тиіс. Бұл талапты елемеген шағын бизнес өкіліне 90 мың ал, орта бизнес иелеріне 225 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ жауаптылар халықты дүкен сөрелеріндегі қантты жаппай сатып алып, қолдан тапшылық жасамауға кеңес береді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков. Зарина Зұлпхар