Өскеменде жас өрт сөндірушілер сайысы өтті

Президент жарлығымен биылғы жыл «Балалар жылы» деп жариялануына орай ұйымдастырылған бұл жарысқа 150 мектеп оқушысы қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – осындай дода арқылы жеткіншектерге құтқарушылардың жанкешті еңбегін көрсетіп, қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын насихаттау. Сонымен қатар балаларды оқыс оқиға кезінде дұрыс әрі жедел шешім қабылдауға үйрету. Жазғы демалыс уақыты жақындап қалған кезде мұндай жобаның қажеттілігі зор дейді мамандар.

Оқушылар бүгін тек сырттай ғана көріп жүрген өрт сөндірушілердің бір күндік өмірімен бетбе-бет жүздескендей болды. Дәп құтқарушылардай киініп, соларша ширақ қимылдауға тырысты. Өйткені талап сондай. 7 сынып оқушысы Әли бұл сайыс мен үшін үлкен сынақ дейді. Мәселен, ол бар болғаны 17 секунд ішінде құтқарушы киімін киіп үлгеру қажет. Жеткіншек жарады, межеден шықты.

Әли Бәзіл, №42 мектеп оқушысы:

– Осы біліммен алаңсыз демала аламыз.Әртүрлі табиғаттағы шараларды өзіміз жүргізе аламыз.

Әлидің замандасы Бексұлтан №20 мектептің атынан қатысты. Өз командасының жеңіс тұғырынан көрінетініне сенімді. Сондықтан барынша жылдам қимылдауда. Замандастары да кедергілерден сүрінбей өтіп шашылған суды нысанаға дөп тигізіп жатыр. Олар дәл осы дағдылар өмірде де  кәдеге жарайды деп есептейді.

Бексұлтан Төлегенов, №20 мектеп оқушысы:

– Бұл жарыста біздің үйренгеніміз, үйренген қабілеттеріміз өмірде де керек болады, мысалы, айтатын болсақ шағын өрт басталып келе жатса, өзіміз құммен немесе топырақпен өшіруге тырысуға болады, ал егер көлмеді болса, әрине, өрт сөндірушілерді шақырамыз.

Расымен де №20 орта мектеп ұжымы жеңімпаз атанды. Дегенмен қатысушылардың барлығы бұл жерден ерекше әсер алды. Жарыса жүріп қауіпісздікті сақтаудың, оның адам өмірі мен қоршаған орта үшін маңызын түсінді. Көзделген мақсат та осы болатын.

Валентин Литвиненко, қалалық өрт сөндіру басқармасының аға офицері:

– Балалар бүгін ойнай жүре, көп нәрсе үйренді.Тек осы көргендері қандай да бір қауіп-қатер төнген кезде естерінде болып, іске жараса болды. Бірақ өмірлерінде ондай сәттер кездеспесе екен деп тілейміз.

 

Өңірдегі балалар үшін биылғы жаз қызыққа толы болғалы отыр. Өйткен екі жылға созылған пандемиядан соң қала сыртындағы лагерьлер іске қосылады.

Елена Шимина, облыстық білім басқармасы "дарын" орталығы директорының орынбасары:

– Біз жазғы демалыспен 180 мыңнан астам баланы қамтимыз деп отырмыз. Қала сыртындағы 35 лагерь оқушыларды қабылдауға дайын. Алдымен тізімге  аз қамтылған және көпбалалы отбасындағы балалар кіреді.

Ал жалпы облыс бойынша 44 мың баланың жазғы демалысын тегін ұйымдастыру жоспарланған.

Авторлары: Эльмира Ахметова Жігер Бабаханов.Өскемен