Сенатор университет пен колледж түлектерінің жұмыссыздық деңгейіне наразылығын білдірді

«Қағазда барлығы мінсіз, ал өмірде мүлде басқа көрініс!» Сенат қабығасында өткен жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауында сөз сөйлеген депутат Нұртөре Жүсіп баяндамасын осылай бастады.

Сенатор қазіргі таңда өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен қолдау мәселелерінің өткір тұрғанына назар аударды. Расында, Жаңа Қазақстанды құру үшін өскелең ұрпақ әлеуметтік жағынан қорғалуы керек. Ал бұл жерде, сенатордың айтуынша, Үкіметке, әсіресе, жастарды оқыту мен жұмысқа орналастыруға қатысты сұрақтар жеткілікті.

«Реформалардың нәтижесі салынатын қаржы мен адам ресурсына тәуелді, сондықтан кадрлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігіне көп нәрсе байланысты. Ал енді елдегі ЖОО мен колледждерді бітірген, бір емес, қолдарында бірнеше дипломы бар жастар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Жұмыс берушілердің сұранысы бір бөлек, білім беру жүйесінің оқу бағдарламасы бір бөлек. Соның салдарынан жұмыссыз жүрген жас азаматтардың қатары толыға түсуде. 2021 жылғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша оқу бітірген 168 000-нан астам адамның, 110 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. ЖОО түлектерінің 31 пайызы, колледж түлектерінің 33 проценті жұмыс таппай сандалып жүр», - деді депутат.

Сенатордың айтуынша, жұмыссыздықпен күресу бағдарламалары қажетті нәтиже бермей отыр, өйткені қаржының басым бөлігі уақытша жұмыс орындарын құруға жұмсалады. Ал бұл тәсіл мәселені шешпейді. Соңғы 5 жылда бір ғана «Еңбек» бағдарламасына 695 миллиард теңге бөлінген. «Нәтиже қайда? Мұның сұрауы кімде?» – деп сұрады сенатор. Ол тұрғын үй мәселесіне де назар аударды.

«Елде «7-20-25», «5-10-15» және басқа бірқатар тұрғын үй бағдарламасы бар. Бірақ жастардың баспана алуына қол жете бермейді. Біріншіден, жастардың алғашқы жарна төлеу қабілеті төмен. Екіншіден, пайыздық мөлшерлеме өте жоғары. Осыны төмендетуге неге болмайды? Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында қолға алынған жастардың үй алу бағдарламасын өзге өңірлерге де қолданған дұрыс деп есептеймін», – деді сенатор.

Сондай-ақ Нұртөре Жүсіп өз сөзінде жастарды мәдени-адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше тоқталды. Ол тыңдаулар барысында айтылған ұсыныстар мен ұсынымдар Үкімет тарапынан қабылданатынына сенім білдірді.