Павлодарда саяжайдың шұрайлы жерін билік алып қоюы мүмкін

Павлодарда «Қарағайлы алқап» дейтін топырағы май саяжай бар. Көкөніс жемістен бөлек емен, қайың, самырсын, жөке ағашы да осында өседі. Мұндағы жұрт саяжайдың құнын біледі, лашығын «қаладан үй берем» десең де айырбастамайды.

Енді осы баладай мәпелеп отырған жерді жергілікті билік мелекеттің меншігіне аламын деп отыр. Ағашын отап орнына мектеп, балабақша саламыз дейді. Бірақ бұл жайында ескертпеген. Халық осыған ашулы.

«Қарағайлы алқап» саяжайы екінің бірінің қолы жетпейтін ең мықты бағбаншылық шаруашылыққа жатады. Жер телімінің бағасы қаладағы үйлерден кем түспейді. Халықтың көбі қысы-жазы тұрады. Үй салып, ағаш егіп, барлық коммуникацияны өздері жүргізіп алған. Ал 2019 жылы жергілікті атқарушы билік саяжайды шағын ауданға айналдыру жоспарымен бөліскен. Ол кезде тұрғындар орталық су және жылу жүйесіне қосыламыз деп қуанған. Оны жүзеге асыру үшін тек жолдар аздап кеңейтілуі тиіс болатын. Биыл көктемде сол жоспарға өзгерістер енгізіліпті. 

Наталья Поплавец, саяжай иесі:

- Тұрғындар жерлерін жекеменшік тұрғын үй шаруашылығына ауыстырып үлгерген жоқ. Себебі ол өте қысқа мерзімді акция. Айналасы екі жарым айға созылды. Біз құжаттарды рәсімдеп үлгірмедік, себебі пандемия болды. Алынатын жерлерге келетін болсақ, ол инфрақұрылымға сәйкес келетін, кіреберіс жолдары бар, екі және үш қабатты үлкен үйлер салынған аумақ.

Жергілікті билік мемлекеттің керегі үшін 40 шақты саяжай иелерінің жерін алуды көздеп отыр. Ол саяжай алабының дәл ортасында орналасқан жер телімдері. Өткен ғасырдың ортасында қарағай ағаштары көптеп салынатын. Өндіріс ошақтары көп шоғырланған өлкенің экологиясы үшін өте пайдалы. Бұзылатын аумақ қылқан жапырақты ағаштарға өте бай. Саяжай иелері баладай мәпелеп өсірген ағаштарын қимайды.

Марал Айтмағамбетова, саяжай иесі:

- Мен бұл  жағдайды түсінбеймін. Саяжайда ағаш саны өте көп. Бір ғана менің ауламда өсіп тұрған самырсынды алып қараңызшы. Менің өмірім осы ағашпен байланысты. Ал осындай ағаштар қаншама. Емен, қайың, жөке ағаштары бар. Әр бағбаншының өзі өсірген ағашымен байланысты тарихы бар. Жиырма жыл бойы өсіп тұрған бәйтерек менің отбасылық өмірімнің құрдасы. Ағаштарды аяусыз кесуді мен қылмыс деп есептеймін.

Тұрғындар үшін жағымсыз ақпаратпен қала сәулетшісі жуырда ғана бөлісіпті. Ол түбегейлі жоспарға мектеп пен балабақша кіргенін жеткізген.  

Лилия Сыроежкина, саяжай иесі:

- Олар бізді әбден адастырды. 2019 жылдың 24 қазанында қоғамдық тыңдау болды. Ол кезде көшенің тек 7 метрге кеңейтілетіні сөз болды. Біз жолдасымызбен жеке тұрғын үй шаруашылығын жүргізуге жер телімін сатып алдық. Үйді кірпішпен қаптап, терезелерін ауыстырдық. Су тарттық. Кәріз құбырын өткіздік. Өте көп қаржы жұмсадық. Бақшамыз да жайқалып тұр. Мемлекеттік қызметте жүрген адамдар халыққа қызмет етіп отырған жоқ. Мен олардың  бұл әрекетіне қарсымын. Халықтың сөзін сөйлейтін адам бұлай істемейді. Меніңше, бұл қылмыс.

Ал сәулетшілер қаланы  саяжай  аумақтары арқылы дамытудың болашағы зор дейді. Жоба 2032 жылға дейін жалғасады. Құрылыс кезінде саяжай алаптарымен қатар көп жылдық ағаштар да кесілетын болады. 

Нариман Қайырленов, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Біз сараптама жасадық. Алдын ала айтатын болсам, мектепті орналастыру үшін 93 қарағай мен 5 қайың ағашы кесіледі. Ал балабақша үшін 74 қарағай мен 7 қайыңды кесу көзделіп отыр.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Қалалық сәулет бөліміндегілер әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу үшін 160-тан аса қылқан жапырақты ағаштарды кесуге тура келеді дейді. Ал саяжай иелері олардың саны 237-ге жететінін есептеп қойған. Сонымен қатар  жолды кеңейту  үшін жол  жиегінде өсіп тұрған үлкен қарағайлар  кесіледі. Саяжайшылардың айтуынша, елу шақты сирек кездесетін ағаш түрлері жойылады. Бәрін қосқанда 400-ге жуық  ағашқа балта тимек. Жергілікті тұрғындар өздеріне тиесілі жер телімдерін сақтап қалуға бел буған. Олар оңайлықпен берілмейтіндерін кесіп айтты.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков