«Ару қаланы» қоқыс басып барады

Республика астанасы елордаға көшірілгелі 25 жыл болды. Содан бері Алматы еліміздің мәдени орталығы саналып келеді. Алайда табиғатқа жаны ашымайтын кейбір азаматтардың кінәсінен әсем қала жүздеген тонна қоқыстың астында қалғалы тұр. Жуырда Экология департаментінің инспекторлары 50-ден астам күл-қоқыс орнын анықтады. Қоқыс полигондары ондаған гектарды алып жатыр.

Медеу ауданына қарайтын Құлжа мен Талғар жолының аралығындағы мына жерді мемлекеттік табиғат қорғау аймағына алынды, деуге ауыз бармайды. Шын мәнінде бұл аумақ сондай мәртебеге ие. Екі жыл бұрын мұнда өзен ағып, ағаштар гүлдеп, құстар ән салған деп тіптен елестете алмайсыз. Қазір 15 гектардан астам жасыл аумақты құрылыс заттары мен  тұрмыстық қалдықтар басып жатыр.

Дінмұхамед Лесбеков, мемлекеттік экологиялық инспектор:

- Экология департаментінің инспекторлары ай сайын, апта сайын рейдтік жұмыстар жүргізеді, бірақ мына елеусіз жатқан жерді біз кездейсоқ КамАЗ-дың көп мусорларды алып кетіп жатқанның артынан аңдып барып, осы жерді таптық. Оған дейін ешқандай ақпарат болған емес бұл жерде қоқыс алаңы қалыптасуы бойынша. Рейдтік шаралар нәтижесінде анықтадық. Тексеру нәтижелері бойынша Медеу ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына  әкімшілік шара қолданылатын болады және осы аумақта әуелі қалпына келтіруге нұсқама беріледі.

Өкінішке орай, бұл мегаполистегі заңсыз пайда болған жалғыз қоқыс орыны емес. Экология департаментінің инспекторлары рейд кезінде және спутниктік навигация көмегімен 50-ден астамын анықтаған. Қазіргі уақытта осыған қатысты Түрксіб, Медеу, Алатау аудандарында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал мына қоқыс үйіндісі Түрксіб ауданындағы экологиялық бекеттің дәл қасында, Кіші Алматы өзенінің бойында пайда болған. Негізінде бұл жер халық серуендеуге арналған орын болуы тиіс екен.

Тимур Елеусізов, KAZ ECO PATROL қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- 9 мамыр күні осы тас жолдың бойымен келе жатып,  осы құрылыс қалдықтарының үйінділерін көрдім. Мен табиғатқа қауіп келтіретін мұндай жайттарға бей-жай қарай алмаймын. Бұл жердегі жылғада күл-қоқыс емес, су ағуы керек қой. Шынымды айтсам, осындай жерге адамдардың қолдары барып қалай қоқыс тастайтынына таңмын. Ал бұл жер демалыс орны болады, деген тек қана қағаз жүзінде ғана шығар. 

Көп ұзамай күдікті де табылды. Жаяу жүргіншілер жолы мен аллея болуы тиіс жағалауға Супияхунов шаруа қожалығының қоқыстары төгілген  болып шықты. Ал шаруашылық иесі болса, 20 жыл бойы, яғни жерді сатып алғанға дейін  осылай жатқанын алға тартады.

Ильшат Супияхунов, шаруа қожалығының басшысы:

- Анау төбеден құлады. Менің мынаның астында бетоным бар еді. Ограждение бетон. Бәрі ішіне кіріп кетті. Бұл қоқыс емес, мынау түсіп кеткеннен кейін ана жерде менің жолым бар арғы жағына өтетін, сол жерден машина құлайтын болды, жарылып кетті. Содан кейін мына топырақты берегке, мынаның ішіне мен төге алмаймын. Бұл жерге машине де келмейді. 

Жасыл экономика басқармасы өкілінің айтуынша, Супияхунов мырзаға айыппұл салынды, бірақ әзірге ол ешқандай нәтиже бермеген.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Енді мемлекеттік органдардың өкілдері оны әкімшілік жауапкершілікке қайта тартуды көздеп отыр. Мамандар тек қатаң шаралар ғана заңсыз қоқыс алаңдарын болдырмауға сеп болады, деп сенеді. Бірақ ең алдымен халық арасында экологиялық мәдениет қалыптаспай жағдай жақсармайтыны анық.

Қарлығаш Қайыпбекова, Нұрдәулет Жақсыбаев