Қарағандыда «сақалды» болып кеткен құрылыстар тексеріледі

Қарағандыда мемлекеттің ақшасына салынып жатқан, бірақ мерзімнен кешіккен құрылыс нысандарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексере бастады.

Олардың ішінде құрылысы 4 жыл кешікен 200 орындық облыстық балалар ауруханасы бар. Алғашқы мердігері сотты болып, қазір жаңасы тартылған. Олар нысанды биыл күзге дейін аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Бұдан өзге 190 пәтерлі көп қабатты үй құрылысы мен «Панель центр» кешеніндегі тағы бір үйдің де құрылысы талайдан бері бітпей тұр. Мердігерлердің де сылтауы көп. Кейбірі мұны құрылыс материалдарының қымбаттап кетуімен байланыстырады. 

Нұрлан Абжанов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жобаға 1,5 млрд теңге қаржы бөлінсе, оның 1,1 млрд теңгесі игерілген. Бұрын басқа мердігер болып, онымен келісім-шарт тоқтатылған. 2019 жылы басқасы келіп, қазір онымен де соттасып жатырмыз. Қазір жұмыс жүріп жатқанымен өте жәй деп айтуға болады. Жобалық-сметалық құжат бойынша тиісті талаптар орындалмауда.

Малика Күсенбаева, "Сарыарқа адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Жобалық кеңсеге құрылысы созылған нысандарға қатысты өтініштер көптеп келді. Сондықтан мониторингтік топ құрылып, аталған нысандарды тексеруге кірістік. Енді аптасына бір мәрте шығып құрылыс қарқынын тескеріп отыратын боламыз. Жалпы жұмыс барысы біздің де назарда болады.