Халық үнінің жоғарыға жетуіне атсалысуымыз қажет – Мәжіліс депутаты

Алдағы референдумның мәнін халыққа жан-жақты түсіндіру үшін бір топ Мәжіліс депутаты Түркістан облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республикалық партия штабының мүшелері Түлкібас ауданында бірнеше ауылдың тұрғындарымен кездесу өткізді. Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мәні мен мазмұнын ауыл жұртына түсіндірді. Ата заңға енгізілетін түзетулер халықтың әл-ауқаты мен тұрмысынан бастап, елдің экономикасына дейінгі барлық салаға өзгеріс әкелетінін жеткізді. Оған тек референдумға халықтың үн қосуы арқылы қол жеткізуге болатынын баса айтты. Алдағы өтетін саяси науқанға бір кісідей қатысып, дауыс беруге шақырды. Өйткені еліміз дауыс беру арқылы өз болашағын таңдайтынын және конституциялық реформа жаңа мемлекеттік үлгіні қалыптастырудың басты тетігі екенін атап өтті. Кездесуге қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. 

Сапар Тоғысбаев, Түлкібас ауданының тұрғыны

Қазіргі таңда қолданыстағы 98-баптың 33-не 56 өзгеріс енгізу жөніндегі мәтіндермен танысып шықтым. Әрине өте құптарлық мәселе. Себебі біз жаңа, әділ Қазақстан үшін ашықтық, демократиялық реформаларды қолдауымыз керек. Демократиялық реформалар жасау үшін міндетті түрде 5 маусымда өтетін референдумға барып, дауыс берулерін сұранар едім.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Халықпен кездесу барысында бірнеше мәселені ерекше атап өтуге болады. Әйел азаматтардың зейнет жасын азайту мәселесі барлық жерде көтеріліп жатыр. Бұл мәселені қайта қарау керек шығар. Өйткені халықтың үніне құлақ асуымыз керек. Екінші – жайылымдық жердің аз болу мәселесі, жұмыс орындарын ашу мәселесі. Осылардың дұрыс шешілуіне біз атсалысуымыз керек деп ойлаймын.