Каспий теңізі арқылы автомобиль тасымалы артады

Ресейдегі геосаяси ахуалға орай Орталық Азия мемлекеттері автокөлік тасымалын ТРАСЕКА бағытына ауыстыруға көшті. Қазір Түркия мен Грузия шекарасында көлік кептелісі пайда болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған әр тараптың бір көлікті тексеруге көп уақыт жұмсауы – тікелей себеп. Мәселені бірлесе шешу жолдары халықаралық конференцияда талқыланды.

Әсет Асаубаев, ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясы тұрақты хатшылығының бас хатшысы:

Жиналып қалған автокөліктерге тезірек шара қолдануымыз керек. Оларды тезірек өткізу бойынша мысалы мемлекеттік органдардың арасында қандай да бір қосымша келісім керек. Мысалы Қазақстан, Әзірбайжанда немесе Грузияда тексерілген автокөліктерді қайта-қайта тексерудің қажеті жоқ. Сондықтан осындай шараларды біз тезірек қабылдау керекпіз.

Бұл тұста Қазақстанның ұтары көп. Мәселен биыл Құрық порты арқылы автомобиль тасымалының көлемі 19 мыңға жетуі мүмкін. Жалпы паром кешені жылына 30 мың көлікті қабылдап, өткізуге қауқарлы. Бүгінгі жиын аясында Маңғыстау облысында жүзеге асқан теңіз-инфрақұрылымдық жобасы таныстырылды.

Лариса Кислякова, Орталық Азиядағы Көлік-логистикалық бағыт бойынша серіктес /Тәжікстан:

Бізді Орталық Азиядан шығатын жүк ағынын Каспий арқылы жөнелту мүмкіндігі қызықтырады. Осы бағытпен автокөлік тасымалы Баку, Грузия әрі қарай Еуропаға жалғасады. Кейбір тасымалдаушыларға Құрық порты арқылы ауыстырып-өткізу қымбатқа түсуі мүмкін. Бұл ретте Қазақстан тарапы жеңілдік жасау жолдарын қарастырғаны жөн.

Серік Ахметов, Құрық портының директоры:

Қазақстанның дер кезінде теңіз айлақтарының әлеуетін арттыруға қаржы бөлуінің нәтижесі – бұл. Қазір паром кешеніне сұраныс жоғары. Автомобиль тасымалына келсек, жыл басынан бері 2,5 мыңдай автокөлікті қабылдап өткіздік. Сондай-ақ 3 млн тоннадай басқа да жүктер ауыстырып тиелді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен өткен іс-шара Ақтаудан соң Баку одан әрі Тбилисиде жалғасады. Басқосу кезінде Әзірбайжан, Грузия мен Түркия шекарасындағы өткізу бекеттерінің қызметін оңтайландыру тетіктері қарастырылады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

 

 

Сондай-ақ...