Әлия Молдағұлованың туған жеріндегі музей-үйінде батыр туралы тың ақпарат көп

Әлия Молдағұлованың туған жері Бұлақ ауылындағы музей-үйде батыр қыз туралы барлық ақпарат жиналған. Мәселен мына жердегі ауылдастарының, ауыл қарияларының естеліктері, білім алған жерлері және отты жылдары қарулас болған достарының естеліктері сақталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батырдың мәңгілік байыз тапқан мекені туралы да ақпарат бар. Мұның барлығы жас туристтердің назарына ұсынылатын болады.

Бұл «Батырлар мекені» туристтер бағытының алғашқы аялдамасы. Биыл ғана есігін айқара ашқан музейдің бір бөлмесі тарихи деректерге арналған болса, екіншісіне кірген бойда сұрапыл соғыста жауынгерлерге пана болған жертөлені еске салады. Әлия қаза болған маңнан жеткізілген жәдігерлер де қазба жұмыстарыда табылған түпнұсқа бұйымдар.

Бағдаш Тупенова, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры:

Ол жер де қазір біздің осы батырдың тарихын, өмірін айтып беретін бір орынға айналды. Бұл да әрине жан-жақтан балалардың келіп, батырдың туған жерімен танысып, осы жерде үлкен шараның өтуі бұл да балалар жылына арналған бір үлкен сыйлық деп айтуға болады.

Қобда ауданында Әлияға арналған алғашқы үлкен мәдени-тарихи кешен 2005 жылы ашылған болатын. Патриоттық тәрбие беру орталығына жылына шамамен 11 мың адам бас сұғатын. Биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артатындығы ақиқат. Себебі жыл басынан бері 4 мыңнан астам оқушыны қабылдап үлгерген. Сондықтан биылғы «Балалар жылы» жас туристтерге арнап бірнеше бағдарлама әзірленді.

Бағдаш Тупенова, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры:

Алдағы жоспарымызда тағы да балаларға арналған биылғы жыл бәріміз жақсы білеміз Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың  жүз жылдықтары. Соған орай «Батыстың батыр қыздары» атты тағы да әскери-патриоттық сайыс жоспарланып отыр. Бұл жерде облысымызға қарасты барлық ауданның оқушылары осы жерге жиналады. Ол шара да екі күнге созылады.

Бұдан бөлек Қобда ауданында Қобыланды батыр және Абат Байтақ кесенелері де бар. Батыр Исатай Тайманұлының ақырғы шайқасы өткен тұс та осы маңда. Балаларға  арналған тарихи-танымдық туристтік бағыт бірнеше күнге созылып, аталған нысандардың барлығын қамтиды.

Нұрлыбай Айжарықов, Қобда аудандық Білім бөлімінің басшысы:

Ауданымызда, мына патриоттық орталықта 20 балаға дейін қонатын қонақүй бар, аудан орталығында қонақүй бар. Сонымен қатар енді басқа өлкеден, басқа аудандардан келген балаларды Қобда ауданына екі күндік осындай тарихи тур дайындалып отыр.

Әзірге батырлардың мекенін Қобда ауданы мен облыс орталығы мектептерінің жоғарғы класс оқушылар аралап жүр. Орташа есеппен жергілікті туристтердің өзі мыңнан асады. Ал, жалпы облыс көліменен 6 мыңнан астам жеткіншек сапарға шығады деп күтілуде.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков