«Ордабасы» ұлттық қорығында ашылатын орталық туризмге серпін береді

Түркістан облысының Ордабасы ауданында Сапар орталығы ашылады. «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы аумағында нысанның құрылысы жүріп жатыр. Кешен өңірдегі туризмді дамытуға серпін береді дейді сарапшылар. Жалпы қорық-мұражай аумағында қанша тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіш орналасқан? Бір кезде үш жүздің басы қосылып, күш біріктірген Ордабасы тауына келушілер көп пе? Тарихи орынның бүгінгі жай-күйі қалай? 

Бұл 1726 жылы қазақтың үш жүзінің игі жақсылары бас қосқан Ордабасы тауы. Дәл осы жерде батыр бабаларымыз халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан. Мамандар бүгінде тарихи орынға келіп, ел басына күн туған алмағайып заманның рухын сезінгісі келетіндердің саны көбейгенін айтады. 

Ғалымжан Шеңгелов, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының саяхат жетекшісі:

- Бұл жерге келуші туристердің өзі Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Германиядан келіп жатыр. Венгрия мен Қытайдағы қазақтар келіп жатыр. Сырттан келетін өте көп. Батыр-билеріміз осы Ордабасы тауында бас қосып, құрылтай жасап, осы жерде Жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берген.

Ордабасы тауы қазақтың біртұтас ел болу жолындағы тағдыры шешілген ұлы шайқастың куәгері. Осы жерде батыр бабаларымыз жауды жеңіп, жеңіс туын желбіреткен. Сондықтан тарихымыздың жарқын беттері тасқа басылған киелі жерді кеңінен насихаттап, елдік дәрежеде көңіл бөлсек, жас ұрпақты отан сүйгіштікке баулуда есепсіз олжа болар еді дейді жергілікті азаматтар.

Мұнда осыдан 5 жыл бұрын қазақтың үш биіне арнап алып ескерткіш орнатылған болатын. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты тұғыртасы мен айналасын абаттандыру жұмыстары аяқсыз қалған.  

Құрманәлі Жылқыбай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы:

- Осы жерді гүлдендіріп, түрлендіріп, заманауи жабдықтармен қамтып, тәрбиелік мәні үшін қорғап, сондай жағдай жасайтын болсақ, біздің жас ұрпағымызды, келешегімізді, бүгінгі біздің қоғамның азаматтарын ынтымаққа, бірлікке баулуда, тарихымызды терең білуде бұл жердің маңызы ерекше болмақ. Мемлекет назарын аударып, біздің ынтымағымыз үшін бұл жер жайқалады деген үміттеміз. Көріп тұрсыздар, үш бидің ескерткіші. Біраз уақыт болды жасалғанына, алдағы уақытта құрылысы бітеді ғой деген ойдамыз.

Бір сөзбен айтқанда Ордабасы тауы қазақ ұғымында береке-бірліктің бастауы іспетті. Сондықтан зиярат жасап келушілер де көп. Былтыр «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы аумағында келген саяхатшыларға бағыт-бағдар беретін Сапар орталығының құрылысы басталған болатын. Биыл күзге қарай жаңа нысан пайдалануға беріледі. Екі қабатты ғимараттың жалпы жобалық сметалық құны 1 млрд теңге. 

Баһадүр Исматов, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының директоры:

- Ішінде музейі қор сақтайтын орындары болады. Қызметкерлердің офистері, дәмханасы болады. Сондай үлкен сапар орталығы. Одан кейін шеттен келген адамдар жататын 7-8 орындық жатақханасы бар. Осы көктем кезінде бізге адамдар көп келеді. Төбенің басына шығып, бабалар жатқан жер ғой, бұл жер. Тарихи орынның жастарға тәлім-беруде үлкен ықпалы бар. 

«Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы 1134 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда тарихи-мәдени маңызы бар 10 ескерткіш орналасқан. Қорық аумағында 25 адам жұмыс істейді. Ал Сапар орталығы іске қосылғанда тағы да 10 адам жұмыспен қамтылмақ. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов