Түркістан облысындағы спорт кешенінің құрылысы тоқтап қалды

Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының құрметіне салынып жатқан спорт кешенінің құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр ел даңқты балуанның 150 жылдық мерейтойын тойлады. Соның алдында Ордабасыда мемориалдық спорт кешенінің іргетасы қаланған еді. Бірақ құрылыс әріге бармады. Ұлтқа керек дүниенің аяқсыз қалғанына енді көпшілік алаңдап отыр. Темірлан – жауырыны жерге тимеген балуан өмірінің соңғы жылдары өткен, жаны мәңгілікке тыныштық тапқан жер. Соның әсері болса керек бұл ауылдан 100-ден аса спортшы шыққан. Батырдың аңызға бергісіз ерліктерін ел есінде сақтау мақсатында 2020 жылы мұнда Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мемориалдық кешеннің іргетасы қаланған болатын. Алайда былтыр батырдың 150 жылдық мерей тойына орай тапсырылуы тиіс кешеннің құрылысы қаржы тапшылығына байланысты орта жолда тоқтап қалды. Бұл бүгін тек ордабасылықтарды ғана емес, тұтас Түркістан өңірінің тұрғындарын толғандырып отыр.

Лесбек Мұңсызбайұлы, Қажымұқан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Қазақ елін бүкіл әлемге танытқан батыр бабамыздың спорт кешенінің тоқтап тұруы бүкіл халықты толғандырып отырған жағдайы бар. Сондықтан осы спорт кешені құрылысының ары қарай жүргізілуін мемлекет және Үкімет басшылары қолға алады ғой деген ұсыныспен келіп отырмыз.

Қалдарбек Оңалбеков, Қажымұқан атындағы халықаралық қордың  ұйымдастыру алқасының мүшесі:

– Елімізге, жұртымызға ұят нәрсе. Жоғарыда отырған кісілер осыны қол алып, ертерек бітуіне ықпал етсе, біздің болашақ жастырымызды тәрбиелеуде үлкен мәні зор деп білемін. Үлкен жарыстарға балалар дайындалып, Қажымұқан атамыздың ірбасарлары шығар еді осы жерден.

Темірлан ауылында балалар алаңсыз жаттығатын спорт залдары болмағанымен балуан атасы сияқты спортты жанына серік еткен жастар өте көп. Егер осы спорт кешені қолданысқа берілсе, бұл ауылдан талай әлемді бағындыратын саңлақтар шығар еді дейді белгілі бапкер Оңдыбай Үндемесов. 

Оңдыбай Үндемесов, күрестен жаттықтырушы:

Қажекеңнің атындағы осы спорт кешенінің құрылысы ертерек басталып, аяқталса деген ниеттеміз. Осы кешен бітіп жатса, бұл жерден бірнеше қазақтың қара домалақ балалары шығады деп ойлаймыз.

Аталған мемориалдық кешенге 5 гектар жер бөлінген. Ол негізгі 3 ғимараттан тұрады. Бірінші – балуанның мұражайы, екіншісі – спортшылар жайғасатын қонақ үй және жарыстар өтетін спорт ғимараты. Бұдан бөлек кітапхана, көрме, конференция залы, басқа да қажетті бөлмелер жоспарланған. Былтыр аудан, облыс басшылары Ұлттық экономика министрлігіне аталған жобаны «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде қаржыландыруды ұсынған. Алайда шешімін таппаған.

Азат Оралбаев, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

Республикалық бюджетке біз ұсындық. Қаржыландыру көздері қарастырылса деген мақсатпен. Депутаттық сауалдар да болды. Тұрғындардың ұсыныстары да болды. Алдағы бюджетті қарау барысында қаралады деген мәлімдеме жасалды. Жыл сайын бізде осы Қажымұқан бабамызға арналған халықаралық күрестен жарыстар өтеді Енді қаржы мәселесі шешіліп жатса, осы спортышлардың бәрі осы кешенде жарысқа қатысар еді деген ойымыз бар.

Мамандардың айтуынша, жобаның жалпы құны – 1 млрд 375 млн теңге. Оның 30 млн теңгесі 2020 жылы республикадан бөлініп, кешеннің іргетасы қаланған болатын. Спорт жанашырлары қазақ ұлтын алты құрлыққа танытқан балуанның қандай құрметке болсын лайық екенін айтады. Ал бірегей сәулеттік жоба қаржылық қолдау тауып жатқан жағдайда ұлт спортына жасалған ең үлкен қамқорлық болар еді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов