Алматыда жазушы, журналист Дидахмет Әшімханұлын еске алды

Қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерінің бірі журналист Дидахмет Әшімханұлының өмірден озғанына жеті жыл. Саналы ғұмырын қазақ баспасөзіне арнаған журналистің аталған еңбек жолынан өзге проза жанрына қосқан үлесі де зор, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол әдебиетке «Аққабаның толқыны», «Он бірінші күз», «Каменная падь» атты әңгімелерімен келген. Поэзия жанрына да қалам тартты. Сөйтіп артына өшпес мұра қалдырды. Қазақ баспасөзінің ардагері, жазушы Дидахмет Әшімханұлының туғанына биыл – 72 жыл. Саналы ғұмырының әр сәтін ысырап етпеген қаламгердің шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорында. Оның «Аққабаның толқыны», «Он бірінші күз», «Жер аңсағай сары атан», «Самырсын сазы», «Әңгіме емес әңгімелер» атты әңгімелер мен повестері қазақ прозасында шоқтығы биік туынды саналады.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Тамаша прозаик қана емес, өте мықты журналист публицист еді, осы қыры көп айтыла бермейді, өкінішке орай. Дидахметтің газеттерде қалдырған ізі, оның публицистикалық мақалаларының азаматтық тегеуріні арнайы зерттеуге лайық деп ойлаймыз.

Дидахмет Әшімханұлы қазақ баспасөзінде өмірінің соңына дейін еңбек етті. 1975 жылы Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінен басталған еңбек жолы «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Заман Қазақстан» және «Түркістан» газеттерінде жалғасып, 2003-2015 жылдары «Ел-шежіре» баспасын басқарды.

Қанат Әбілқайыр, жазушы-журналист:

– Бұл кісі ешкімді жатырқамайтын, шамасы келгенше өзінің артынан ерген шәкірттеріне, артынан ерген жастарға көмектесуге тырысатын. Сол осы кісінің шапағатын көрген адамдар іздеушісі болып жатыр ма, деп ойлаймын бір жағынан. Оның сыртында соған лайық еңбек етті.

Дидахмет Әшімханұлын замандастары мен шәкірттері қаламгерлер ішіндегі «Сегіз қырлы, бір сырлысы» дейді. Өйткені ол журналист, әдебиеттегі әңгіме жанрының шебері ғана емес өлең жазып, аударма да жасаған. Бүгінде қаламгердің құрметіне арналған байқаулар, конференциялар жиі өтіп тұрады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов