Алматы – Өскемен тас жолын су бұзды

Алматы – Өскемен тас жолының 393-395 шақырымын су шайып кетті. Соның салдарынан республикалық маңыздағы автомагистралда көлік қатынасы тоқтап екі аралықта төрт жүк көлігі қалып қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шарасыз қалған жүргізушілермен байланыс орнатылған. Қалыптасқан жағдайға байланысты жолаушылар мен ауыр жүк көліктері Лепсі-Матай-Көлбай арқылы айналып өтуге мәжбүр. Жаңбыр суы жырып кеткен жер Алматы облысына қарасты Ақсу ауданы Еңбек ауылының маңы. Қазір қауіпті аймақта  қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Азамат Жұртбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі:

– Сондай-ақ нөсер жауыннан Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылында да сел жүрді. Панфилов, Жандосов және Тобаяқов көшесімен аққан су бірнеше үйдің ауласына кірген, дейді жергілікті әкімдік өкілдері. Сонымен қатар Байғазы ауылында да өзен суы арнасынан асып, елді мекендегі үш ауланы шайып кеткен.