Ақмола облысында балалардың жазғы демалысына дайындық қызу

Зеренді көлінің жағасынан орын тепкен бұл лагерь, биыл балаларды алғаш рет қабылдайын деп отыр. Бұрын Ұлттық компаниялардың біріне тиесілі болған нысан, осы жылдан бастап облыстық Білім басқармасының қарамағына өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді мұнда оқушылар аталған мемлекеттік мекеменің жолдамасымен демала алады. Ал, балалар үшін лагерьде барлық жағдай жасалған. 

Бірлік Баржақсымов, Балаларды сауықтыру кешенінің директоры:

- Жазғы демалысқа біздің орталығымыз толығымен дайын деп айтуға болады. Өйткені, барлық дайындық жұмыстарынан өттік. Біріншіден, ремонт аяқталды. Демалыс орнына балаларды қабылдау үшін бәрінің рұқсатын алдық. Қауіпсіздік мәселесіне тоқталып өтетін болсақ, қазіргі таңда заманға байланысты видеокамералар бар. Бүгінгі таңда 6 камера болған. Қазір тағы 20-сын алдық.

Аталған балалар сауықтыру орталығы Көкшетаудағы оқушылар сарайының басқаруында. Сондықтан мұнда демалуға келген өрендердің жан-жақты дамуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, - дейді, ұстаздар.

Мүгүлсім Тышқанбаева, облыстық Балалар шығармашылығы үйі директорының орынбасары:

- Әр ауысымды әр бағытқа арнаймыз. Мәселен бірінші ауысым IT, келесісі медиа, тағы бірі спорт, енді бірі шығармашылық болып бөлінеді. Ал, дәрістердің барлығы ойын түрінде өтеді. Одан бөлек туристік саяхаттар да ұйымдастырылады.

Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, биыл аймақта 2 жарым мың баланы сауықтырумен тегін қамту жоспарланып отыр. Одан бөлек үздік оқитын тағы 450 оқушы республикалық лагерьлерге барады. Ал, қалғандарына жолдамасы 55 пен 90 мың теңге аралығындағы жекеменшік орталықтар ұсынылады.

Марина Ли, облыстық Білім басқармасының бас маманы:

- Биыл қала сыртындағы сауықтыру орталықтарына шамамен 11 мың бала барады деп жоспарлап отырмыз. Ал, сыртқа шыға алмаған оқушылар мектептердің жанында ұйымдастырылатын лагерьлерге баруына болады. Ондайлар осы жылы бізде 158 болады. Әрі 15 мың баланы қабылдай алады.

Айта кетейік, биыл санитарлық дәрігерлер сауықтыру кешендерінің 100 процентке жұмыс істеуіне рұқсат беріп отыр. Балаларға әзірге ешқандай карантиндік шектеу жоқ. Демалыстан бөлек облыста оқушылардың танымдық шараларға қатысуына да мүмкіндік беріледі. Мәселен осы жазда 200 бала өлкетану және тарих бағыты бойынша археологиялық қазба жұмыстарына қатыспақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный