Қызылордалық қыз-келіншектер құмар ойынға қарсы

Бұл – шиелілік қыз-келіншектердік жанайқайы. Өйткені еркек біткенттің көбісі осы лото клубқа үйір. Ұрлық, қылмыс пен төбелес те осы маңда дейді тұрғындар, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сая Мырзанова, Шиелі ауданының тұрғыны:

Менің туған ағам 1987 жылғы, сол кісі 3 жылдан бері Қызылордаға вахтаға кетіп, ол жақта ойнап келеді. 15 күн демалғанда күндіз-түні осыдан шықпайды. Қазіргі таңда біз білетініміз 15 млн тг – оның  қарызы. Әркімнен алдыра берген.

Мәселемен жергілікті билік пен құзырлы органдар жете таныс, бірақ шарасыз отыр. Өйткені кәсіпкерлік құрылымды тексеруге жарияланған мораторий аясында құжат жағын реттеп алған лото клубтарға бас сұға алмайсың,- дейді тұрғындар. 

Ардақ Сыздықова, Шиелі ауданының тұрғыны:

–  Митинг, акция болады ма, мен бұны тоқтатпаймын. Әр айдың соңғы сенбі күні адамды көбейте беремін осылай бұл жабылғанша. Жаңа Қазақстанға бұл керек емес. Ең 1-рет прокуратураға арыз тастадым. РОВД, әкімдік, облыс әкімдігіне тастадым. Барлық жерден келген хатта заңды деді. Сәтті Жұлдыз деген лоторея деді. 

Алмас Омаров, Шиелі ауданының тұрғыны:

Лоторея емес бұл жерде. Бинго бум деген ойын. Бұл – Қапшағай, Щучинск шығарылған бинго, кено деген заңсыз ойындар.

Ал мынау Маңғыстау облысындағы жағдай. Тапқан-таянғанын бәс тігу мен құмар ойындарға салып жіберген жігіттің шарасыз әрекеті. Бейнеу тұрғыны қазір сот шешімін күтіп үйқамақта отыр. 

Көпшіліктің арыз-шағымына сәйкес, 2020 жылы Парламент қабырғасында букмекерлік кеңселердің жайы қарастырылып, казино мен өзге де топтасқан құмар ойын түрлері Қапшағай мен Шортандыға шығарылған болатын. Бірақ сол бәс тігу ұйымдарының жылы орнын осы лото клубтар баса қойды. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі жекеменшік монополиялық оператордың қызметін реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде Мәжіліске ұсыныс жолдап отыр.    

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 Лото клубтарды елімізде қаптатып ашқан ұлттық лоторея операторы «Сәтті Жұлдыз» компаниясын жабуды көздейді. «Сәтті жұлдызға» қатысты жаңа заң жобасы биыл қабылданады деп күтіп отырмыз. Бұл – тікелей Президенттің тапсырмасы. Содан кейін лото клубтар мәселесі біржақты болады деген үміт бар. Лоторея енді мемлекеттің қол астына көшуге тиіс. Мемлекеттің қол астында болса, оны бақылау, шектеу шараларын қабылдау оңай болады деп ойлаймын.

 Тағы сандарды сөйлетсек, республика бойынша жарты миллион адам құмар ойынның жетегінде жүр екен. Олардың қатары көбеймес үшін Үкімет халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, ойын бизнесінің құйтырқы механизмдеріне тосқауыл болуы керек. Тұрғындардың тілек-талабы осы.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев