Павлодар облысының «Майдан жолы» жасағы Беларуське аттанады

Павлодар облысының «Майдан жолы» жасағы Беларусь жеріне аттанбақ. Экспедиция Беларусь елінің неміс әскерлерінен босатылуына 78 жыл толуына орай ұйымдастырылады.

Отряд мүшелері іздестіру жұмыстары барысында Витебск облысы Дубров ауданындағы «Рыленки» мемориалды кешенінде қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне ескерткіш орнатады. Соғыс жылдарында Витебск аумағында болған қанды шайқастарға Қазақ жерінде жасақталған әскери құрылымдардың қатысқаны белгілі. Мәселен, 39-атқыштар дивизиясы Алматы қаласында құрылған. Сонымен қатар 238-атқыштар құрылымы Семей, Алматы және Өскемен шаһарларында жасақталған. Ержүрек азаматтар Беларусь елін жаудан азат етуге жандарын пида етті. Отряд мүшелері батыр бабаларымыздың жүрген жолымен өтіп, ерліктеріне тағзым етеді. Айта кетейік, жасақ 13 жыл ішінде 300-ге жуық хабар-ошарсыз кеткен жауынгердің жатқан жерін тауып, 23 ескерткіш орнатқан.

Асхат Мұқанов, «Майдан жолы» жасағы командирінің орынбасары:

- Экспедициямыз Қазақстан-Беларусь мәдениеті жылымен сәйкес келіп отыр. Біздің жасақ тарихымызда алғаш рет Беларусь еліне аттанбақ. Жасақ құрамында шәкірттеріміз де бар. Оккупацияланған лагерьлерде, өлім лагерьлерінде қазақстандық жауынгерлердің болғаны белгілі. Біздің мақсат ата-баба ерлігін құрмет тұтып, келер ұрпақтың бойына сіңіру.