Ақтауда тағы құбыр жарылды

Ақтауда тағы да құбыр жарылып, бірнеше кәсіпкерлік нысан зардап шекті. Қаладағы 1-шағын ауданда болған апат салдарынан мейрамханалар мен дәріхана және спорт мектебінің ғимараты суға толған.

Мейрамхана иесі Кристина Гугиеваның айтуынша, таңертең ғимараттың суға толып кеткенін көрген. Ол дереу коммуналдық мекеме өкілдеріне хабар берген. Алайда олар бірнеше сағат өткеннен кейін ғана келіпті. Қазір ауыз су құбыры қалпына келтірілген. Алайда кәсіпкер шығынды қайтарып беруді сұрайды.

Кристина Гугиева, кәсіпкер:

- Мен алғаш коммуналдық қызметке хабарласқан кезде олар өздеріңіз ақылы маман шақыртып, суды тоқтатыңдар деп жауап қайтарды. Бірақ жалғыз менің мейрамханам ғана емес, жанымдағы кәсіпкерлік нысандарының да суға толғанын айттым. Кейін олар 5 сағаттан кейін келді. Осы уақыт ішінде мейрамхана суға толып кетті. Сондықтан уақытылы келмегені үшін сотқа беремін.

Асқар Дүзмағанбетов, коммуналдық мекеменің бас инженері:

- Ауыз су құбыры жарылған, оны жабуға тырысып бақтық. Микрорайон ішіндегі желілер болғандықтан бір-бірімен байланысты оны 5-6 жерден жабу керек болды. Біз қолымыздан келгенше көмек көрсеттік, мотопомпа шақырып, оларға откачать етуге көмек бердік. Не үшін ондай салдары шықты, не үшін жертөле суға толды, жарылған жер рестораннан 20-30 метрде алшақ тұр. Су егер ресторан құбыр тартып апарған болса, құбыр бойымен баруы мүмкін. Бұл жерде сұрақ құрылыс нормалары бойынша жертөлеге, ресторан, кафе, помещение қолданысқа алатын болсақ,сол жерге  су кірмеу үшін дирмитикалық способтармен, құбыр келіп жатқан жерді бітеп, сылау керек. Дұрыс бітемеген, сыламаған. Өздерінің жауапкершілігінде.