Жамбыл облысындағы ауыл халқы өндірістік карьердің жабылуын талап етуде

Бүтін бір ауылдың жайылым жерін жергілікті билік шағал шығарын зауыттарға беріп қойған. Жамбыл облысындағы Бәйтерек елді мекенінің тұрғындары осылай деп наразы.

Мәселе бұл ғана емес.

«Шаң көтерген карьерлер тынысты да тарылтып барады», - дейді ауыл жұрты. 

- Карьерлер жабылсын! Жабылсын! Жабылсын! Жабылсын!

Бәйтеректік жұрт карьерлердің көбейіп, кеңеюінің кесірінен жайылым жер қалмады деп отыр. Жел тұрса бітті шаң көтеріліп мына ауылдың іші көрінбей қалады. Салдарынан тынысымыз тарылды деген тұрғындар аллергиялық аурулардың көбейгенін айтады.

Берікбай Мелдебеков, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

- Өзеннің жағасын 100 метрге дейін қазып, ешқайда берілмейтін деген жерлерді карьер жасап, Аса өзенін қазып жатыр. Мына малдың жайылымы қалмады. Бәрін қоршап алған. Жерді шұқыр ғып қазып жатыр. Жерді қазған жерлерін көрсең кәдімгі бомба түскендей.  

Нұрсұлтан Бесбаев, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

- Халықтың денсаулығы, болашақ бала-шағаға, осыған балта шауып отыр шұңқырларды қазу арқылы. Осылай батпақ, батпақ болып қалады, бала түссе кім жауап береді оған? Өзіміздің ауылдың өзі 1,5 шақырым, ал карьер 2-3 есе көп. 

Карьерлердің көлемі ауылдың аумағынан да үлкен. Халық қос бірдей зауыт өрісті тарылтып, өскен ағаштарды отап тастағанын көрсетті. Бірінің алып жатқан аумағы 43, екіншісі 30 гектарға жетеді. Ал шағал қазып, шарбағымызға жетті деген елдің пікірімен карьер басшылығы келіспейді.

Орион  Ким, шағал шығаратын серіктестік директоры: 

- Бізге 25 жылға облыс әкімінің өзі рұқсат берген. 2008 жылдан бастап қазудамыз. Бізде барлық құжат бар. Қазу заңдылығы бойынша 12 мекеменің мөрі мен қолы қойылған. Ал ағаштарды аралап, қоқыстарды біз төккен жоқпыз. 

Ауылдың мәселесін шешуге аудан әкімдігі дәрменсіз болып тұр. Олар да облысқа сілтеп, кезінде жерге рұқсатты жоғарыдан берген деп отыр.

Бауыржан Тоқтасынов, Жамбыл ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Берілген келісім-шарты не болмаса лицензиясы болған жағдайда Кодекстің талаптарына сәйкес біз жерді беруге міндеттіміз. 2008 жылы алған бір мекеме, екіншісі 2015-те алған, енді ол кезде ондай талаптар болмаған, жайылым мәселесі қазіргідей соншалықты күрделі болмаған. Ал қазіргі таңда бұл мәселе өте күрделі.  

Мәселе расында күрделі. Аудан басшылығы шешу жолы одан да қиын деп отыр. Ауылдағы ағайыннан жазбаша арыз түскен жағдайда ғана іс орнынан қозғалуы мүмкін. Оның өзінде проблема толық шешілетініне ешкім кепілдік бере алмайды. Әкімдік тек арыз-шағымды жинақтап құзырлы органдарға жолдаумен шектелетін сыңайлы. Айта кету керек, бұл мәселе осыдан 5 жыл бұрын да қозғалып жабулы қазан жабулы күйінде қалған еді.

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә