Шарынға су жеткенімен жұрт жолсыз қалды

Шарынға ауыз су жеткенмен жұрт жолсыз қалды. Әп-әдемі асфальты бар көшені экскаватор қазып, тоз-тозын шығарған. Алматы облысындағы бұл ауыл суды 6 жыл жүріп әзер қостырған еді. Ендігісі осы. Асфальтталған көшелер де бар. Бірақ көпке бармай бүліне бастаған.

- Жасаған жолды көріңіздер. Барлық жер ойылып кеткен. Колодецты ашқан кезде стопроцентно су жүрмейді. Жарылып кеткен. 

Ауыз су жүйесін тартқан мердігер мекеме Шарын ауылындағы бес көшені толықтай жөндеген. Бірақ оның сапасына Гүлсанам Баратова сынды тұрғындардың көңілі толмайды. 

Гүлсанам Баратова, Шарын ауылының тұрғыны:

- Бұл жерде специалистер істемеді. Бұл жерде простой адамдар трубаны тастады да үстін жауып кетті. Например, үкімет млрдтарды біздер үшін, халық үшін жіберіп жатыр. Бірақ ол өз жолымен жүрмеді.

Зарип Таипов, Шарын ауылының тұрғыны:

- Жасаған оны конец года. Үш жыл болды. Гарантиясы үш жыл екен. Сапасы жоқ енді. Давлениесі жоқ. Жолдың сапасы нашар.

Ауылдағы жиырмадан астам көшеге құбыр тартылғаннан кейін асфальт төселмеген. Сондықтан темір тұлпар иелері көлігін бұзып алмас үшін жолдың қақ ортасымен жүруге тырысады. Қарсы бағыттан автомобиль шыққан сайын қауіпті жағдай туындайды, дейді олар. 

Әділжан Хилилов, Шарын ауылының тұрғыны:

- Ауыл ішінің бәрі ой мен шұңқыр. Ойғаны ойылды, жасалмады. Жанға батқылықтайды. Бір көшенің сауы жоқ қой. Бәрі. Жүру невозможно.

Имам Османов, Шарын ауылының тұрғыны:

- Жолымыз кішкене дұрыс емес болып жатыр. Осы көшелердің бәрі асфальт әйбет еді. Енді міне бәрі осындай болып жатыр.

Аудан әкімдігі Шарын ауылын ауыз сумен қамту жұмысы қаржының бөлінуі мен бекітілген жобаға сай жүргізілді дейді. Биыл олар қосымша қаражат қарастырып тағы бірнеше көшені асфальттамақ. 

Әлімжан Хусуров, аудан әкімінің орынбасары:

- Алты көшені жөндеуге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда конкурстық процедуралар аяқталып, бүгінгі күнге мердігер қол қою процедуралар жүріп жатыр. Қалғаны алдағы уақытта жүргізіледі.

Қарадала аймағында ауызсу жүйесі ескірген 4 ауыл бар. Оның екеуі биыл қалғаны келесі жылы күрделі жөндеуден өтпек. Осылайша әкімдіктегілер бұл мәселені аудан көлемінде толықтай шешеміз деп отыр. Ал жолдың қалпына келтірілуін сұраған шарындықтардың тағы бірнеше жыл шыдай тұруына тура келеді. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов