Ауыл маңына мұнай қалдығын төгуден кемтар балалар дүниеге келіп жатыр

Жетібай ауылы мұнай қалдығын төгетін орын ба? Маңғыстау облысындағы елді мекен тұрғындары осылай деп ашынады. Жұрт ауаның ластағанынан бөлек кемтар балалардың тууынан шошынып отыр.

Жетібайлық Бақытжан Ешмановтың қос перзенті әлі күнге сөйлей алмайды. Ақтауға апарып емдетуге жағдайы жоқ. Балаларды ауыл мамандарына қаратып жүр. Ер баласы енді ғана жүре бастаған. Мұның бәрі ауаның ластануынан ба деген күдігін жасырмайды. Бірақ оны зерттеп жатқан адам жоқ.  

Бақытжан Ешманов, ауыл тұрғыны:

- Жара шыққан ғой көзіне. Аяғына, тізесіне. Шынтағына. Мектепке де бармайды, арасында қалып қояды. Ауасы лас. Су төгеді. Шаң-тозаң, мұнайдың қалдықтарын төгеді. 

Айна Жақауова, дефектолог-логопед:

- 2019 жылы қазан айында 13 баламен ашылған болатынбыз. Қазіргі таңда біздің орталықта 85 бала бар. Экологиялық факторлар және де ананың денсаулығы бұл жерде әсер ететін факторлар. 

Талғат Исламұлы, тілші: 

- Ауадағы сасық иіс мұрын шыдатпайды. Жетібай тұрғындарының айтуынша, далаға тасталған мұнай қалдықтарын жағу биылдан бастап тоқтапты. Бірақ өндірістен шыққан түрлі қоқысты ауылдың іргесіне әкеліп төгу әлі де жалғасып келеді. Мәселен, мына сұйықтық бірнеше тәулік бұрын төгілген. 

Ауыл маңындағы қара сұйықтық толы шағын бассейн алыстан көзге түседі. Кезінде бұл жерде бірнеше мекеме құрылыс материалдарын шығарған. Карьер иелері бірнеше рет ауысып, ақырында 10 мың тоннадай қалдық төгілген орынға айналады. Енді зардабын жергілікті халық көріп отыр. 

Ағзам Жұмсақов, ауыл тұрғыны: 

- Ұйқыдан тұрмай қалатын адам жетіп артылады. Давление дейді де арулап шығарып саламыз. Негізінде бәрі экологиядан. Мен 59 жылдан бері жетібайлықпын. Бір де бір кемтар бала болмаған. Міне келіп жатыр мұнай. Қай жақтан келіп жатыр? Әкеліп, осы жерге төгеді. Білгенін істейді.

Жалпы Қарақия ауданында мұнай қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын 15 мекемеге жер берілген. Пайдалану мерзімі біткен 3 серіктестікпен арадағы келісім-шарт бұзылады. Жуырда жасалған ғарыштық мониторинг заңсыз қоқыс тасталған 7 орынды көрсетіпті. 

Сымбат Төретаев, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары:

- 4 нүктесін тазалап бітірдік. 2008 жылы Жетібай ауылы әкімінің шешімімен «Оралэнергострой» ЖШС-ға 6 га жер берілген. Мұнай қалдықтары өңдеу және құрылыс материалдарын дайындауға деп. Өкінішке орай, ол мекеме банкрот болып жұмысы тұралап қалуына байланысты және экологиялық департаменттің талаптарын дұрыс орындамағаны үшін сот шешімімен олардың қызметі тоқтатылған.

Шенеуніктің сөзінше, 6 га жер мемлекетке қайтарылды. Ендігі мәселе мұнай қалдықтары иесіз жатыр. Рекультивация жасау үшін алдымен сот арқылы коммуналдық меншікке алу керек. Біздің түсіру тобы барған жерлерге сол күні экологтар жетіп, сынамалар алды.

Гүлім Лұқпанова, экология департаментінің бөлім басшысы:

- Экологиялық заң бұзшылықтар анықталып, яғни келтірілген залалы нақтыланды. Тұрғындардың өміріне зияны жөнінде ғылыми институттарды шақырту арқылы белгілі бір дәрежеде зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймыз. 

Өкілетті орган мәліметінше, серіктестіктердің бір де бірі экологиялық заң талаптарын сақтамаған. Оларға 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Қазір өндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Талғат Исламұлы, Ренат Дусалиев