Қостанай облысында ата кәсіп алға баспай тұр

Қостанай облысында өткен жылы ірі қара, қой саны біршама азайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зеңгі баба тұқымының кеміп кетуіне құрғақшылық пен азық тапшылығы әсер еткені анық. Бір жағынан бруцеллездің белең алуы да ауылдағы ағайынды титықтатып болды.

Науырзым ауданы – ежелден малға жайлы қоныс. Шабындық, жайылымы кең. Су көздері жеткілікті. Сондықтан шығар төрт түлікті өрбітем деген іскер азаматтардың көзі бірден осы жаққа түседі.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Сарыбұлақ деп аталатын кең жайлау, жазық дала мына жерде кезінде егістік бригадасы болған. Осы жерден мыңдап малда өргізген. Мынау артымыздағы базалар, үй жайлар – сол кезеңнен қалған мұралар. Былтыр осының бәрін еліміздің оңтүстігінен келген кәсіпкер сатып алған болатын. Енді аудандық әкімдіктегілердің айтуынша, сол инвестор мал шаруашылығын дамытсам деген райынан қайтып қалған.

Шаруашылықтың атқарушы директоры бірден ешқайда кетпейміз деп кесіп айтты. Бас кезінде ауыр соққандығын, шалғай жер, қытымыр қыс біраз әбігерге салғандығын жасырмайды. Соған қарамастан осында тұрақтап, мал басын көбейтеміз деп отыр.  

Әбдуманап Тесебаев, шаруашылықтың атқарушы директоры:

- Бос әңгіме оның бәрі. Бізге өте ыңғайлы бұл жер. Мал көбейтуге, қарауға жақсы. Шөп жақсы, ауа райы да жақсы. Қолымызда 120 шақты жылқы, 180 қара мал бар, ірі қара, 150 шақты қой бар. Құдай қаласа, осы жыл қара малдардың санын 300 туатын аналық бас қыламыз деп жатырмыз.

Бұл жігіттердің қиындықтарға қарамастан, көздеген мақсатымызға жетеміз деген ұмтылыстары қуантты. Ал бірақ дәл осылай құлшыныс танытып жатқандар аз. Аудан бойынша мал шаруашылығында биылға бір ғана инвестициялық жобаны жүзеге асыру межеленген.

Евгений Ярошенко, Науырзым аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Мал шараушылығы саласында Қарамеңді кентінде мал базасын салу жоспарланып отыр. Онда ірі қара, жылқы ұсталады. 

Ауданда аяқсыз қалған жобалар да бар. Оған негізгі себеп – құрылыс материалдарының күрт қымбаттап кеткендігі. Тиелісі субсидияның уақытылы берілмеуі де мал шаруашылығының дамуына бірден-бір тежеу болып отыр дейді мамандар.

Саят Жүсіпбеков, кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Субсидияны айлап, тіпті жарты жылдап күтуге тура келеді. Ал кәсіпкер мал шараушылығына қатысты жоба жасағанда осы демеу ақшаға иек артады. Онсыз болмайды. Ол уақытлы берілмеген соң, бастаған бизнесінің болашағына деген сенімі жоғалады.

Жалпы мемлекет ауыл шаруашылығына аз қаржы бөліп жатқан жоқ. Мысалы, биыл Қостанай облысына 28 миллиард тенгеге жуық субсидия қаралып отыр. Соның 7,5 миллиарды мал шаруашылығына бөлінеді.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг