Судың 40% далаға кетіп жатыр – Ә.Смайылов

Егіске жіберілген судың 40 пайызы далаға кетіп жатыр. Бұл жөнінде премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Қазақстандағы 8 су шаруашылығы бассейнінің жетеуі бастауын трансшекаралық өзендерден алады. Яғни өзен суларының тең жартысына жуығы сырттан келеді. Сарапшылар 2040 жылға қарай Қазақстанда суды тұтыну көлемі 56 пайызға дейін өседі деп болжап отыр. Су тапшылығы жылына 12 текше шақырымға дейін жетуі ықтимал. Оның үстіне, біз Қазақстандағы өзендердің тартылып бара жатқанын көріп отырмыз деді Үкімет басшысы. Оның айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығына арналған судың небәрі 60 пайызы ғана егіс алқаптарына дейін жетеді. Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді. Сондықтан каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру қажет деді Әлихан Смайылов.