Биыл Қазақстан халқының 58% газбен қамтылады

Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Болат Ақшолақовтың айтуынша, былтыр халықтың 57 проценті немесе 11 млн адам газға қол жеткізді. Елді газдандыру 2015-2030 жылдарға арналған бас жоспарға сәйкес жүзеге асып жатыр. Оның аясында биыл газдандыруды дамытуға республикалық бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша 50,1 млрд теңге қолдау тапты. Нәтижесінде 133 жобаны іске асыруға 96 млрд теңге қарастырылып, бұл 146 мың адамды немесе 93 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған газдандыру деңгейі 58,43 процент деді Энергетика министрі.