Семейде «Офицерлер» ескерткіші бой көтерді

Семейде қатардағы жауынгер Бексұлтан Балғабаев ерлікті дәріптейтін ескерткіш жасап шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған «Офицерлер» фильмі арқау болған. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 54/770 әскери бөлімі алдында бой көтерген мүсіндік композицияда кино туындының соңғы көрінісі бейнеленген. Әскери бөлімге Түркістан облысынан келген жауынгер тас мүсінді салуға үш ай арнады. Алдымен ескерткіш нобайын қағаз бетіне түсірген. Бексұлтанның айтуынша, кино кейіпкерлерінің кескін-келбетін дәл келтіру сәл қиынға соққан. Дегенмен «Офицерлер» ескерткіші «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ғана емес, қазақ әскерінің беделін айғақтап тұрғаны рас. Ерекше туындының авторы қазір 10 күндік демалысқа жіберілді.

Бексұлтан Балғабаев, қатардағы жауынгер:

- Қызмет барысында әскери бөлім алдында тұрған мүсіннің бой көтеруіне атсалыстым. Мен бұл мүсінді ҚР ҚК 30 жылдығына арнаймын. Бұл мүсінді жасауға 3 ай уақытым кетті.