Қарағандының орталық базары маңындағы жерді бәзбіреулер заңсыз иемденіп, ақылы автотұрақ жасап алған.
Осылайша 2 жыл көлемінде үздіксіз пайда тауып келген. Бұл олқылықты аудан прокурорлары анықтады.
Айтуларынша, көлемі 2200 шаршы метрден асып, жүздеген көлік сыятын жерге орнатылған шлагбаумдар заңға қайшы. Салдарынан онсыз да көлік нөпірі көп базар маңы нағыз кептеліске айналған. Енді қадағалаушы орган өкілдері әкімшілік заңнаманың 136-бабына сәйкес, жерді заңсыз иемденгендерге қатысты 450 мың теңгеге дейін айыппұл салуы мүмкін.
Ардақ Жабағытаев, жүргізуші:
– 2-3 жыл болды, міне 100 теңгені дайындап отырмын. Енді оны мына құзырлы органдар өздері шешеді ғой. Біз қара халық төле десе төлейміз, төлеме десе төлемейміз, біз қайдан білеміз.
Райымбек Шәріпбаев, Қазыбек би атындағы аудандық прокуратураның бөлім прокуроры:
- Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік жер учаскесін иеленгені үшін айыппұл қарастырылған. Айыппұл көлемі шағын бизнес субъектісіне 100 АЕК, орта бизнес өкіліне 150АЕК, Ірі субъектіге 700 АЕК. Бұл іс-әрекет заңсыз болып табылады. Шлагбаумдар алынып, мемлекетке тиісті жер қайтарылады. Тескеріс нәтижесі бойынша аудан прокурорлары прокурорлық қадағалау актісін енгізетін болады.