Елордада ауыз суға жарымай отырғандар бар

Біріне сыздықтап әзер жетсе, бір үйде тек тамшылап тұрады. Тіпті құм аралас су тұтынамыз дейтіндер табылады.

Осы елордадағы Айнакөл көшесінің тұрғындары кезінде өздері тартқан құбырды жол салғандар қазып алып, кейін өзге құбыр салғанын айтады. Содан бері тіршілік нәрі жөнді келмейтін болған. Сапасы да нашар.  

Елорданың қақ ортасындағы бес үйге су жетпейді. Сыздықтап аққан тіршілік нәрін күтіп шаршаған тұрғындар бұрынғы күнімізге жете алмай қалдық деп күйінеді. Кезінде өздері салдырған құбырды жол салған кезде құрылысшылар бұзып, кейін 5 құбырдың орнына біреуін ғана салып кеткен. Қазір әрқайсы су сорғысын сатып алып, тіршілік нәріне қол жеткізіп отырғанымен осы айдың ортасынан бері су мүлде тоқтаған.

Сүлеймен Бейсембаев, қала тұрғыны:

- Мында әкеп бір трубаны әкеп қоса салған, и бес үйге жіңішке бір труба. Соның кесірінен давление көтерілмейді. Комиссия шақырсақ келеді, судың қысымы нормальный дейді да кетіп қалады. Судың қысымы нормальный, но труба жіңішке болғандықтан 5 үйге жетпейді. Менің жазып жүргеніме 5 жыл болды.

Шарайна Базарбаева, қала тұрғыны:

- Судың давлениесі болмаған кезде насосымыз күйіп кетеді де. Жөндету үшін 30-40 мың. Осында көшіп келгелі мысалға 3 насос ауыстырдық. Көп балалы отбасы ретінде маған да қалтаға әсер етеді.

- Тапа тал түсте, астананың ортасында су жоқ деген масқара.

Тұрғындар жергілікті биліктен көмек болса дейді. Ал билік су мекемесіне сілтейді. Ал өздерінің қайта құбыр тартуына қалта көтере бермейді. 

Сәуле Ысқақова, қала тұрғыны:

- Менен сұрағаны 700 мың теңге. Мен пенсионермін, балам инвалид. Сонда мен қайдан алуым керек сол ақшаны. Қалай болды, солай істесін. Біз бұрын каждый отводты мың долларға сатып алғанбыз.

Рухани Асқар, тілші:

- Қазір бұл тұрғындар ас суын сатып алып ішіп отыр. Аулаға бау-бақша егуден қалған. Тіпті жуынып шайынудың өзі қиын. Бұл бірінші мәселе. Бас қаладағы сумен қамту жүйесіне қатысты тағы бір мәселе бар. Ол Саранда тұрғын үй кешеніндегі судың сапасы жайлы. Арнамызға шағымданған тұрғындар краннан лай су аққанына екі айдан асқанын айтты. Суға шомылған балалардың бірінен соң бірі іші өтіп, денесі бөріткен. «Астана су арнасы» мекемесінің мамандары судың үлгісін тексеріске алғанымен, жауап қатпаған. 

Гүлбала Сүгірова, қала тұрғыны:

- Бірақ ол пробасын алмай-ақ судың сапасы көрініп тұр, өте лай. В основном ыстық сумен ыдыс жуамыз, бала шомылады, көрініп тұр ваннаның өзі түсі қап-қара боп. Балалар көбісі құсып жатыр екен, фильтрі жоқтар содан ішеді.

Сәния Жанпейісова, қала тұрғыны:

- 109 нөміріне хабарласқанымда өтінішімді тіркеді. Астана су арнасынан "Пәтер иелері кооперативіне жүгініңдер" деген жауап келді. Оларға хабарлассақ, қайтадан су арнасына айтыңдар дейді. Осылайша, бір-біріне сілтеп отыр.

Бас қаланы сумен қамтамасыз етуге жауапты құзырлы мекеме өкілдері бұл жағдаймен таныс. Олардың айтуынша мердігер компания құбыр желісін салар кезде тиісті тазарту, жуып-шаю шараларын жүргізуі қажет. Одан кейін судың сапасын сараптамамен анықтауға тиіс. Бұл ескерілмесе, пәтерге кіретін судың да таза болмайтынын айтады.  

Дүйсембай Шайкенов, "Астана су арнасы" МКК Сумен жабдықтау қызметінің бастығы:

- На этот жилой массив у нас есть Аударма! Бұл тұрғын үй алабына арналған дербес сорғы станциясы бар. Біз сол сорғы станциясына сүзгі әзірлей бастадық, алдағы бір-екі аптада орнатуды аяқтаймыз. Желілерді тағы да қосымша жуып-шаямыз. Бұл жұмыстар судың сапасын жақсартуға көмектеседі деген ойдамын.

Жауапты мекеменің сөзіне сенсек, аталған учаскедегі тұрғындарға таза су алдағы апталарда берілетін болды. Ал, Айнакөл көшесіндегі 5 үйге қажетті қысымда су тарту үшін диаметрі жеткілікті мөлшердегі құбырлар салу қажет.  

Дүйсембай Шайкенов, "Астана су арнасы" МКК Сумен жабдықтау қызметінің бастығы:

- Менде бар ақпаратқа сай, бүгін ол жерде автомобиль жолдары басқармасы, астана су арнасы және тұрғындардың қатысуымен кездесу болады. Қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін алдымен құбыр сатып алу қажет, одан кейін асфальтты ашу керек. Меніңше, бұл да аса қиын шаруа емес, шешу жолы бар.

Мамандар қаланы сумен қамтуда бірқатар ірі жобаның уақытылы орындалмағанын жасырмайды. Мұның соңы судың сапасы мен қысымның төмендеуіне әкеледі. Тіпті бас қалада соңғы жылдары су тапшылығы сезіле бастаған.

Рухани Асқар, Ерлан Наурызбаев