Ақтеректегі Ахаң мектебі туралы не білеміз?

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Ақтерек ауылында көне ағаш үй бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл тарихи ғимаратта ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сабақ бергенін біреу білсе, біреу білмес. Тоқсаныншы жылдары тоз-тозы шыққан ағаш үйді ауыл азаматтары сақтап қалды.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Ақтерек ауылындағы мына ғимараттың қай жылы салынғандығы туралы нақты дерек жоқ. Бірақ академик-ғалым Ақжан Машановтың айтуынша, 19-ғасырдың соңында бұл жерде мектеп ашылып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген.

Ол туралы ғалым өзінің бірнеше еңбегінде жазып, тарихи және хронологиялық деректер келтіреді. Ағартушы 1904-1909 жылдары дәл осы жерде дәріс оқыған екен.

Светлана Әбенова, Ақтерек ауылындағы мектеп директоры:

- Ахмет Байтұрсыновтың дәріс бергені жөнінде көпке дейін мойындалмаған. Білесіздер, ол Қоянды жәрмеңкесінде болды, Қарқаралы петициясын жолдады. Оқу ағарту ісін жолға қоюға үлкен қызмет атқарды. Әліпбидің өзін осы жерде құрастырды ма деген ой келеді. Келешекте Ахмет Байтұрсыновтың есімі әлі де жаңғырады деп ойлаймыз. Әлі де зерттелмеген деректері өте көп.

Тоқсаныншы жылдары мұнда байланыс бөлімшесі, шаруашылық кеңсесі болған. Мекеме жабылған соң, қаңырап бос қалады. Тіпті атқораға айналып, құлаудың аз-ақ алдында қалған. Әйтеуір ауыл ақсақалдарының арқасында осы күнге дейін сақталады. Қазір мұнда мектепке дейінгі дайындық орталығы мен кітапхана орналасқан.

Гүлден Ажанова, ауыл кітапханасының меңгерушісі:

- Міне, бізде қазір Ахмет Байтұрсынов сабақ берген мұражайдан осы тақтайша қалды. Бұл тақтайша Әл Машанидің айтуы бойынша осы деректі сол кісі іліп кеткен екен, 1988-1990 жылдары деп тұр. 

Тарихи ғимарат тек былтыр ғана аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне өткен. Сонымен қатар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, мемлекет қорғауына алынады.

Жазира Ысқақова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- 2021 жылы тарихи-мәдени мұраны сақтау инспекциясы 5 миллион 300 мың теңгеге сыртқы, ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізген болатын. Бүгінгі күні ол ғимарат мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің балансына алынды. Биыл 150 жылдығына орай бір бөлмесін арнайы жабдықтауға аудандық бюджеттен 1,5 миллион теңге қарастырылып, бүгінгі күні жұмыстар жүргізіліп жатыр ол жерде. 

Дәлірек айтсақ, ғимараттың бір бөлмесі сыныпқа айналып, ұлт ұстазының сабақ беріп жатқан бейнесі 3Д форматында жасалмақ. Жалпы биыл ауданда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай 150 шара өткізу жоспарланып отыр.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар