Панфилов ауданындағы жетім балаларға арналған лагерь ғимараты апатты жағдайда тұр

Алматы облысы Панфилов ауданында жетім балаларға арналған мектеп-интернат жанындағы лагерь ғимараты апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балалар жазғы демалысты Жаркенттегі мектепте өткізіп келді. Интернат басшылығы жаңа лагерь керек дейді.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалса да ана туралы әнді шын жүректен шырқаған өнерлі өрендер балаларды қорғау күніне дайындалып жатыр. Мерекеден кейін олар былтырғыдай оқу ғимаратында қалмай, жазғы сауықтыру лагеріне барады.  

Айман Кәрімова, Жаркент қаласындағы жетім балаларға арналған мектеп интернаты директорының м.а:

- Біз биыл Көктал арасан басшысымен келісіп, екі аптаға сұрадық. Жөндеу жұмыстары кезінде сізде болсыншы деп. Біздің аудан әкімінің арқасында бір айға лагерьге баратын болып тұр.

Психологиялық дамуы тежелген жиырма бес жеткіншек Құрманжан Ахметқалиевтың жазғы сауықтыру лагерінде дем алмақ. Мекеме басшысы биыл интернаттың тәрбиеленушілерінен басқа балаларды қабылдамаймыз деп отыр. Өйткені сапалы қызмет көрсетуге тендер арқылы бөлінетін қаражат жетпейді дейді.   

Құрманжан Ахметқалиев, сауықтыру кешенінің директоры:

- Жаңа министрлер өзгертулер жасамаса, менде сенім жоқ. Өйткені кеше 2018-2019 деген ковидтің алдында ғана  екі жарым мың теңге болған мемлекеттің бір балаға берген ақшасы. Ал әзір енді айта алмаймын. Ал Үкімет балаларымыз, болашағымыз жақсы болсын, балаларымыз мықты болып өсу үшін бір балаға бүгінгі таңда 9 мыңнан кем болмауы керек.

Былтыр Панфилов ауданы бойынша жалпыға білім беру қорынан 200-ден аса бала жазғы демалыс лагеріне жіберілген. Ал биыл олардың саны 100 оқушыға артып отыр.

Зарина Құрманбекова, аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Жалпыға білім беру қорынан 365 балаға тегін жазғы сауықтыру лагерімен қамту жоспарланып отыр. Қалған балалар өз ата-анасының қорынан демалуға барады. Жалпы бала саны - 800.

Алматы облысында елді мекен сыртында орналасқан 21 лагерь бар. Соның сегізінде тұрмысы төмен, көпбалалы және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер тынығады. Бұл мақсатқа 550 млн теңге қарастырылып отыр.

Айжан Адамбекова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыста 440 мыңнан астам оқушы бар. Биылғы жазғы кезеңде біз 80 пайызын, яғни 300 мыңдай оқушыны жазғы демалыспен қамтимыз деп отырмыз. Жалпыға білім беру қорынан 44 мың оқушы қамтылады. Жазғы сауықтыру лагеріне бюджет есебінен төленетін бағаны көтеру біздің құзіретімізге жатпайды. Біз жоспарлаған кезде мемлекеттік лагерьлердің жобасына шақтап қоямыз.

Жаркенттік жеткіншектердің жазғы демалысы биылдыққа  реттелгенімен мәселе келесі жылы тағы туындайды. Сол себепті мекемеге жаңа ғимарат салу қажет дейді мамандар. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов