Ұшақта дөрекілік танытқандар әуе компанияларының қара тізіміне енуі мүмкін

Бірақ заң жобасындағы бұл өзгеріске қарсы шыққандар да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай шешім адам құқығын шектеумен пара-пар екені айтылды.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында 10-нан астам құжат қаралды. Солардың бірі - көлік мәселелері бойынша заң жобасы. Баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі жобаның артықшылықтарын сөз етті. Бірақ аймақтарға сапар шеккелі тұрған депутаттар алдымен халықтың талап-тілегін жеткізуге тырысты. Маңызды мәселенің бірін депутат Дархан Мыңбай көтерді. Ол осыдан 3 ай бұрын сайлаушылардың жанайқайын жеткізген еді. Алайда арада қаншама уақыт өтсе де, министрлік жауап қатпаған.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз 27 ақпанда келіп ұсыныс бергенбіз. Сол ұсынысымызға не министрлік, не теміржолдың басшылары қыңқ етпеді. Түлкібас кентінде 50 мыңнан астам 11 елді мекен күнделікті кептелісте тұрса, қандай экономика? Қандай қауіпсіздік? Апаттан қалай сақтанамыз? Барлық сала дамып жатыр, теміржол тоқырап қалғандай.

Қазақстан темір жолы басшылығына депутат Еділ Жаңбыршинның да өкпесі қара қазандай. Мәжілісмен сан мәрте хат жолдаған. Алайда жауап алмаған. Халықтың сайлаған өкіліне басшылық құлақ аспапты.  

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мен ҚТЖ-ға бірнеше рет жаздым. Сауранбаев деген адам тіпті хабарласпайды, келмейді. Мен сізге айтып отырмын. Сіз соны қадағаласыз ғой? Маңғыстауда Маңғыстау станциясы мен Бейнеу станциясының теміржолшыларының айлығы екі түрлі. Екеуінің арасы - 475 км. Кеңес Үкіметінен қалған нормативтік құжаттар бар. Соған сүйеніп осындай дискриминация бар. Теміржолшылар бірнеше рет мәселе көтерді. Президентке дейін шықты. Бірақ ҚТЖ түйеқұс ұқсап басын құмға тыққан, әлі күнге дейін жауап бермей отыр.

Жыр болған тозығы жеткен жол мәселесін қаузаған кезде министр жұрттан ұят болды деп ағынан жарылды. Ауқымды бағдарлама жасалғанын айтты. Жемқорлыққа тосқауыл қою үшін саланы цифрландыру көзделіп отыр деді.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Бұрын МАИ қызметкерлеріне ренжуші едік, енді қазір өз жұмыскерлерім бір айда бірнеше рет ұсталып жатыр. Жемқорлық мәселесінің алдын алу үшін цифрлы платформа құрып жатырмыз. Негізі жол бойынша көлік комитетінің мамандары болмауы керек. Енді заң аясында салмағы 12 тоннадан асатын көліктер міндетті түрде өлшеуден өтеді.

Министр ұсынған тағы бір жаңашылдық, әуе тасымалына қатысты. Ұшақта өзін дөрекі ұстаған жолаушыға 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер келесі жолы тағы да ерсі мінез көрсетсе, онда қара тізімге енеді. Демек, әуе компаниялары өз ұшағына отырғызбауға құқылы. Бірақ мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев құжаттағы өзгеріске қарсылық білдірді.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Яғни бір азамат бір әкімшілік құқық бұзушылық жасайтын болса, яғни тыныш отырмайтын болса ұшақта, соның негізіндемесінде кез келген әуе компаниясы шешім қабылдап, оны шектеу негіздемесіне енгізуге құқылы. Меніңше, бұл олардың конституциялық құқығын шектеу деп есептеймін.

Елімізде әуе көліктері жыл сайын орта есеппен 15 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды. Былтыр ұшақтағы құқық бұзушылық саны 800-ге жетті. Депутаттың пікірінше, бұл дабыл қағатындай жағдай емес. Сондықтан тиісті шектеу шарасы тек сот шешімімен қабылдануы қажет.

Назерке Әбдірахманқызы, тілші:

- Қазір мәжілісмендердің жұмыс кестесі тығыз. Депутаттар 2 апта бойы ауыл-аймақтарды аралады. Әрқайсысы күн сайын 2-3 кездесу өткізіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады. Алдағы референдумның жай-жапсарын түсіндірді. Кезек күттірмес заң жобаларын қарау үшін елордаға оралған еді. Енді бүгін аймақтарға қайтадан сапар шегіп, сайлаушылармен жүздесуді жалғастырады.

Назерке Әбдірахманқызы, Ерлан Наурызбаев, Аманжол Байғазин