«Ассамблея жастары» әлеуметтік желілерде референдум маңызын түсіндіруді бастап кетті

«Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсенділері «Мен референдумға барамын» хэштегімен әлеуметтік желілерде саяси оқиғаның мән-маңызын жастарға түсіндіруді бастап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін бірлестік мүшелері мен қоғамдық ұйым жетекшілері Қарағандыдағы Достық үйінде бас қосып, Конституциядағы өзгерістердің қандай мүмкіндіктерге жол ашатынын жан-жақты талқылады.

Енді еліміздің саяси жүйесіндегі және азаматтық қоғамдағы өзгерістердің барлығы жастардың қатысуымен жүзеге асуы тиіс. Біз әрқашан әділетті қоғамда өмір сүргіміз келеді. Қазір соны өз қолымызбен құрудың мүмкіндігі туып тұр дейді басқосуға қатысқан белсенді жастар.

Дарын Әбілжанов, «Ассамблея жастары» РҚБ мүшесі:

- Жастардың референдумнан күтері мол. Себебі Контитуциялық заңдар негізінде жастардың әрі қарай дамуына, сонымен қатар Парламентке өтуіне, депутаттыққа сайлануына үлкен мүмкіндік бар. Жаңа Қазақстанды бірге құру үшін біз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керек.   

Ашық пікірталасқа қатысқан жастар алдағы референдумда Ата заңымызға енгізілетін өзгерістерді жан-жақты талқылап, 33-баптың әрқайсына жеке тоқталды. Әсіресе, «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен алшақтап, Парламенттің құзырын арттыру - демократиялық қоғам құрудағы басты қадам деп атап өтті.

Дана Пішімбаева, Қарағанды медицина университетінің ұстазы:

- Жастардың көңіліне ұнайтын негізгі өзгерістер қоғам мен мемлекеттің арасындағы өзара байланыс, сонымен қоса жер мәселесі және атап айтқандай, Елбасының немесе бір депутаттың құқығы, соның аз көрсетілетіні өте жақсы нәрсе деп ойлаймын.  

Жарқын болашағымыздың іргетасын қалайтын маңызды күнге бей-жай қарамай, жастардың референдумға барынша белсенді қатысуы үшін қазір әлеуметтік желіде түсіндірме жұмыстары басталып кеткен. Саяси реформаларды халыққа сауатты жеткізу басты мақсатымыз дейді жастар. 

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар