476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қызылордада талапқа сай емес пандус мүмкіндігі шектеулі жандарды әбігерге салды

  • 154
  • UPD: 08:40, 26.05.2022

Арбаға таңылған жандар халыққа қызмет көрсету орталығына кіремін дегенше қара терге түсті. Талапқа сай емес пандуспен көтерілудің өзі мұң болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көмекке шақыратын қоңырау тетігін басқанмен, ешкім келе қоймады. Әупірімдеп кірген Сағатбек Қуанышбайұлы кезекке тіркеліп, көлік жүргізу бойынша емтихан тапсыру бөлмесін іздеді. Бірақ жоғарғы қабатқа жету мүмкін болмады. Ғимаратта жеделсаты жоқ, ал арнайы көтеру құрылғысын орталық мамандары іске қоса алмады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жабдықталған көліктің жүрісі механикалық түрде реттеледі екен. Негізі автоматты жүйе орнатылған транспорт болу керек.

Сағатбек Қуанышбайұлы, «облыстық Мүгедектер қоғамы»  ҚБ төрағасы:

Қосымша 1-2 кедергілер, кемшіліктер де бар. Оны басшылығына жеткізіп, ұсыныс есебінде айтып жеткіздік. Алдағы уақытта Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы тұрақты түрде рейд жұмыстарын жүргізеді. Ол 2-деңгейлі банк, мемлекеттік органдар және көптеген қоғамдық орындарға мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін қозғалып, еркін бейімделуіне жағдай жасау мақсатында рейдтерді өткізу негізгі мақсат болып табылады.

Сағатбектің тағы 1-2 кемшілік дегені әжетхананың жайы. Ол да мүгедек келушіге қолайсыз болып шықты. Жалпы қызмет көрсетуші тарап мүмкіндігі шектеулі адамдардың мемлекеттік қызметтерді алуы кезінде оларға қажетті жағдайлар жасауға міндетті. Аталған заң нормасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізуші ведомствоаралық жұмыс тобы орталық басшысына кемшіліктерді жою бойынша ұсыным жасады.

Ғалымжан Ілкібаев, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің басқарма басшысы:

Осы бағыттағы кемшіліктер бақыланды. Аталған кемшіліктер бойынша тиісті қызмет көрсету орнының басшылығына жеткізілді. Алдағы уақытта департамент тарапынан қайта бақылау шаралары жүзеге асырылады. 

Мамандандырылған бөлімнен бөлек цифрлық кеңсенің де қолжетімділік деңгейіне мониторинг жүргізілді. Алдағы уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтары ұдайы бақылауда болмақ.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев

 

Хабар 24 телеарнасы