Жыр болған дәретхана – Алматыда жыл басында берілуі тиіс дәретханалар кәріз жүйесіне қосылмаған

Инженерлік желілерге қосу бойынша жұмыс негізі 2022 жылдың қаңтар айына жоспарланған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ қаладағы  қайғылы жағдайларға байланысты жұмыс кідірді. Бүгінгі таңда аудандық әкімдіктермен бірлесіп, осы инженерлік желілерге қосу жұмысы қайтадан жандануда.

Бұл мәселені 1 сәуірдегі жаңалықтарымызда айтқан едік. Туризм басқармасының өкілі әжетханалардың тоғызы кәріз желісіне қосылды, қалғандары сәуір айының соңына дейін қосылады деген. Жауапты басқарманың уәдесінен бері екі айға жуық уақыт өтті. Тұрғындар шағымданған соң, тақырыпты тағы да қаузап, қала әкімдігіне сұрау салдық. Алайда, суалымызға әзірге жауап алмадық.

Айбол Рысмендиев, қала тұрғыны:

Қанша болды бұл әжетханалар орнатылғанына. Бірақ ешқандай ешкім пайдаланып жүрген жоқ. Бұның қажеті жоқ, деп ойлаймын, керек емес деп.

Рамазан Ермекбай, қала тұрғыны:

Әжетхана адамға бірінші керек заттардың бірі ғой. Бірақ әжетханалар қазіргі таңда істемей тұр. Бұл формальды нәрсе, өтірік әшейін иллюзия сияқты. Бір жыл болды мен, тіпті, кіріп көрген жоқпын, қандай екенін білмеймін.

Нұргүл Жарылқасымова, қала тұрғыны:

Бәленбай қаржы оған жұмсалса, әрбірден кейін ол халықтың ақшасы. Ол кімнің қалтасында кетті, не үшін орнатылды? Орнатылғаннан кейін ол халыққа пайдалануға жіберу керек.

Тұрғындардың уәжі орынды. Қомақты қаражат бөлінген соң кәдеге асқаны дұрыс. Әйтпесе, құр тұрып ескіріп кетер. Туристік инфрақұрылымды дамытудың бір бөлігі саналатын құрылғыларда ыстық су мен жылу жүйесі де болады деген еді. Оның бар-жоғы да түсініксіз.   

Аршын Кемелжан, тілші:

Бұл қоғамдық әжетханалардың тағы қанша уақыт құры босқа жабық тұратыны белгісіз. Әкімдіктің өткен айда берген уәделерінен бері бар болғаны кіреберіске мүгедектерге арналған мынандай пандус қана қойылған. Оның өзі дұрыс бекітілмеген.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев