Жетісайда қарбыз пісті

Түркістан облысының Жетісай ауданында қарбыз пісті.

Атакент ауылдық округіне қарасты Жемісті ауылында 1 гектар алқаптан 25 тонна қарбыз Ресейге экспортталуға дайын тұр. Қарбыз тамшылатып суару әдісімен өсірілген. Диқандар тамшылатып суардың пайдасы көп екенін айтады.

«Бұл өз кезегінде мол өнім алуға мүмкіндік береді. Тағы бір тиімділігі, тыңайтқышты да 5-6 есе үнемдеуге болады. Қол күшін де көп қажет етпейді», - дейді шаруалар. Қазір диқандар сатып алушылармен келіссөз жүргізуде. Тәтті шырынның әр келісін 230-250 теңге аралығында өткізуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, биыл жетісайлық шаруалар 17 мың гектар жерге бақша дақылдары еккен.

Атымтай Омаров, диқан:

- 5-6 келілік қарбыз бұл. Сойып та көрсеттік, қып-қызыл. Бағасын келісу үстіндеміз. Бүгін келіссек бүгін, ертең келіссек ертең артып береміз деп отырмыз. «Долбый» деген сорт, 60-65 күнде піседі деген қарбыз. Қазір сол күніне тура келіп тұр.