Халықтың әл-ауқатын арттыру жобасы

2025 жылға дейін елімізде жұмыссыздық мәселесі шешіліп, 1 млн аса азаматтың еңбекақысы өседі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Бүгін сенатта Үкіметтің халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған кешенді жоспары талқыға түсті. Жұрттың жағдайы күрт жақсарып кету үшін билік қандай шараларды қолға алып жатыр?

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов 2025 жылға дейін елімізде жұмыссыздық мәселесі шешіліп, жалақының көтерілетінін ауыз толтыра айтты. Тіпті ауқымды бағдарламаның жүзеге асырылуын елге белгілі сарапшылар бақылап, құжаттың жекелеген бағыттарына жетекшілік етеді. Сондай-ақ жаңа дағдылар мен кәсіпке  баулитын шаралар қабылданады.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Біз халықаралық практикаға егжей-тегжейлі зерттеу жүргізіп, талдау жасадық. Қытайда ауылдық жерлерде табысты, ауыл шаруашылығы тауарларының өнімділігін арттыру үшін ирригациялық инфрақұрылымды жақсарту сияқты шаралар қабылданған. Кедейлікпен күрестің еуропалық моделі негізінен сақтандыру жүйесін дамытуға бағытталған. Сондықтан біз де бағдарламаға жалақы мөлшерін арттыруға бағытталған тікелей шараларды ғана қосумен шектелген жоқпыз. Бағдарламаның маңызды бөлігі  бұл жаңа экономикалық өсуге арналған.

Ералы Тоғжанов бағдарламаның кешенді жоспарында, 1 миллионнан астам азаматтың еңбекақысын арттыру көзделгенін айтты. 850 мыңнан аса бюджеттік сала қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы көтерілмек.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Дәрігерлердің жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 173,5 мыңнан 250 мың теңгеге дейін өседі. Бұдан бөлек мемлекеттен қолдау шаралар алатын ірі бизнестерге қатысты міндеттемелерді белгілеу есебінен онда істейтін 2,8 адамның орташа жалақысы өседі.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «бөлінген қаражатты игерсек болды» деген бұрынғы тәсілді «келмеске» кетіру қажеттігін айтты. Ол үшін, құр сөз емес, нақты іс-шаралар жоспарына көшу маңызды. Жалақы өседі дегеннен-ақ, елдегі бағаның шарықтап кететінін тілге тиек етті. Тіпті табыс өскенімен инфляцияға ілесе алмайтындар бар. Сондықтан нарықтағы бағаны да бақылау маңызды, деді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Халықтың табысын арттыру – стратегиялық міндет. Мемлекетке деген сенім мен барлық жаңғыру реформаларының табысты болуы да осы міндетке тікелей байланысты. Азаматтар жағдайының жақсарғанын нақты сезінуі керек. Ендігі жерде «бөлінген қаражатты игерсек болды» деген бұрынғы тәсілдермен жұмыс бітпейді. Сондықтан жобалық тәсіл қағидатын енгізген абзал. Оның ішінде жоспарланған нәтижеге қол жеткізу үшін нақты басшылардың жеке жауапкершілігін қарастырған жөн. Бағдарламалардың іске асырылуын бақылау тетіктерін де жетілдіру керек.

Сондай-ақ көп балалы және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналардың үйде отырып, табыс табуына жағдай жасалмақ. Жоба аясында әйелдер қазір сұранысқа ие мамандықтар бойынша курстан өтіп, өз ісін ашуға мүмкіндік ала алады. Ал 2025 жылға дейін мүгедектігі бар жұмысқа жарамды адамдардың кемінде 30% жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Айнұр Қуатқызы, Ерзат Зайтхан