ШҚО: Белокаменка ауылында мал жайылымы таршылық етеді

Шығыстағы Глубокое ауданы Белокаменка ауылының тұрғындары жайылым жоқтығынан малдарын тау-тасқа, тоғай арасына жаюға мәжбүр. Жұрттың айтуынша, төрт түлікке жайлы оты, суы мол алқаптарды әлдекімдер заңсыз иеленіп алған. Прокуратура жүз гектарға жуық жердің бөтенге берілгенін анықтаған. Бірақ жергілікті шенеуніктердің бұған айтар өз уәжі бар. 

Бұл жақта мал жаюға болмайды. Мынадай ағаштың арасында бақсақ желіннің бәрі бұзылады.

Мал жаюға келмесе де тұрғындар қорадағы ірі қарасын осы жақта бағуға мәжбүр. Бір қызығы, аталған аумақ жер реестрінде жайылым ретінде көрсетіліпті. 

Зақырлан Райысов, бақташы:

- Мынау пастбище емес. Бұрынғы кезде болған. Ал қазір барлығы өсіп кеткен. Мұнда мал жая ма? Кірсе де таба алмайсың осыдан кейін.

- Вот как здесь пасти скот?

Белокаменка ауылының тұрғыны Андрей Виберттің осы сұраққа жауап ала алмай жүргеніне бірнеше жыл. Прокуратураға хат та жазған. 

Андрей Виберт, ауыл тұрғыны:

- Ауыл маңындағы егіс алқаптары бұрын жайылым болған. Жүз он гектар жайылымдық жер ауылдық округ әкімінің шешімімен егістікке берілген. Прокурорлар 7 участокқа егіннің заңсыз егіліп отырғанын анықтады. Екі жыл өтті. Түк өзгеріс жоқ. Баяғы жартас – сол жартас. Естуімше, аудан әкімдігі бұл аумақтарды қайтару жұмыстарын бастаған секілді.

Жұмыс басталғанмен жер беріліп қойған. Аудан әкімдігінде дәл қазір оны қайтаруға пәрмен де, дәрмен де болмай тұр. Сондықтан жергілікті шаруа қожалығынан жер алуды ұсынып отыр. 

Эльдар Тұмашинов, Глубокое ауданының әкімі:

- Құжат жүзінде жайылымдық жер. Іс жүзінде жайылымға жарамайтынын көріп отырмыз. Міне мына шаруа қожалығының басшысында 3,7 гектар жер бар. Бұл алқапты жайылымға беруге дайын. Біз оған дәл сондай көлемдегі жер участогін тауып береміз.

Аудандық жер бөлімі мамандары мәселені шешу үшін осы аумақты жер қорына алу қажеттігін айтады. Содан соң мемлекеттік меншікке берілмек. Оған дейін ауыл тұрғындары малдарын тау-таста бағуына тура келеді. 

Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин