StopFake: Мектепке қабылдау үшін саусақ іздері қажет

Жуырда әлеуметтік желіде Президент өзінің жетістікке жету құпиясымен бөлісіп, криптовалютамен қомақты қаржы табуға мүмкіндік беретін бағдарлама туралы айтқаны тарады. Әрине бұл жалған ақпарат. Мамандардың айтуынша, алаяқтардың арбауына түсу оңай. Олар желі қолданушыларының жеке деректерін алып, арам пиғылын жүзеге асыра береді. Кезек Стоп-фэйк айдарында. 

Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін саусақ іздері қажет. Сонымен қатар жыныстық қатынас туралы анықтама керек деген ақпарат Телеграм арналарында жаппай тарады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебі Қазақстандағы мектептерде мұндай талаптар жоқ, деді Білім және ғылым министрлігінің өкілі. Елде баланы бірінші сыныпқа беру үшін ең бірінші ата-ананың мектепке қабылдау туралы өтініші, баланың туу туралы куәлігі және денсаулық жағдайы туралы анықтама керек. Одан бөлек баланың денсаулық паспорты мен суреті болуы тиіс.

Микрочипі бар дәрі шықпайды 

Pfizer микрочиптері бар дәрілерді шығаруды жоспарлап отыр. Яғни дәрі-дәрмек сіңгеннен кейін тиісті органдарға сымсыз сигнал жібереді деген ақпарат әлеуметтік желіде тарап жатыр. Бұл мәлімет жалған. Компания басшысы микрочиптер туралы 2018 жылы айтқаны рас. Алайда бұл препарат шизофрения, биполярлық бұзылыс және кейбір жағдайларда депрессияның ауыр түрлеріне шалдыққан науқастарға тағайындалған.

Вакцина алғандардан ерекше тромб анықталды – фэйк

Екпе жайлы түрлі жалған ақпараттар әлі де жаппай тарап жатыр. Мәселен, телеграм арналардың бірінде вакцина алған адамдардың денелерінде ерекше пішінді және түсті қан тромбтар анықталатыны туралы мәлімет жарияланды. Мұндай жаңалықты АҚШ бальзамдаушысы Ричард Хиршман ашқан екен. Ол бұған дейін де түрлі бағдарламаға барып осындай мәлімдеме жасаған. Сол кезде үлкен резонанс тудырған соң,  Poynter порталының фактчекерлері вакциналар тромбоз тудырады деген болжамды жоққа шығарды.