Елімізде 10 мыңнан астам мүгедектігі бар адам санаторлық-курорттық емделуден өтті

Биыл 10 061 мүгедектігі бар адам, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар санаторлық-курорттық емделуден өтті.

Мүгедектігі бар адамдар негізгі аурулардың профилактикасы мақсатында, медициналық көрсетілімдерді ескере отырып, оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде жыл сайын санаторлық-курорттық емделуден өтеді.

Өткен жылдан бастап санаторлық-курорттық емделуге өтінімдер әлеуметтік қызметтер порталы (http://aleumet.egov.kz) арқылы рәсімделеді. Енді мүгедектігі бар адамдар жеке қажеттіліктерді, жағдайларды, қолжетімділікті, сауықтыру рәсімдерінің көлемдерін және т. б. ескере отырып, Порталда тіркелген, олар үшін ыңғайлы кез келген санаторийді өз бетінше таңдау мүмкіндігіне ие болады.

Бүгінгі күні өңірлердің комиссиялары порталға 93 санаторлық-курорттық ұйымды жіберді. Олардың қатарында «Щучинский» шипажайы» АҚ (Ақмола облысы), «Жетісу» шипажайы» ЖШС (Түркістан облысы), «Минералды су» шипажайы» ЖШС (Шымкент қаласы), З.Б. Бейсеков атындағы «Қазақ соқырлар қоғамының «Спутник» демалыс үйі» ЖШС (Алматы облысы), «Сосновый бор» шипажайы» ЖШС (Қостанай облысы), «Солнечный» балалар санаторийі» мемлекеттік емес медициналық мекемесі (СҚО) және басқалары бар.

ҚР Парламенті Сенаты бастамашылық еткен мүгедектігі бар адамды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасы аясында мүгедектігі бар балалардың ата-аналарының ұсыныстарын ескере отырып, мүгедектігі бар бала санаторий-курорттық емделуден өткен кезде оған ілесіп жүруге арналған шығыстарды өтеу көзделген.

Бұл түзетулер санаторлық-курорттық емдеумен барынша көп баланы қамтуға мүмкіндік береді. Заң жобасын Мәжіліс екі оқылымда мақұлдады және ҚР Парламенті Сенатына қарауға жіберілді.