Ішкі істер министрлігі шетелдіктердің ЖСН алуына шектеу енгізген жоқ

Елімізге уақытша келген шетелдіктердің жеке сәйкестендіру нөмірін алуына шектеу енгізілмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, шетелдіктер ЖСН-ді eGov сайтынан онлайн режимде ала алмайды. Алайда еліміздің Ішкі істер министрлігі шетелдіктердің аталған қызметті алуына ешқандай шектеу енгізілмегендігін айтады. «Ішкі істер министрлігі шектеу қойып отырған жоқ. Бұл қызметті онлайн режимде алу eGov сайтындағы техникалық себептерге байланысты тоқтап тұр. Шетелдіктер ЖСН қажет болған жағдайда Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, сол жерден оффлайн режимде рәсімдей алады», – деп атап өтті министрліктен. Ведомствоның дерегіне сәйкес, жыл басынан бері 90 100 шетелдік ЖСН рәсімдеді. Олардың ішінде Қазақстаннан ЖСН алған 35 960 Ресей азаматы және 637 Украина азаматы бар. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ААҚ баспасөз қызметі де Қазақстанға уақытша келген шетелдік азаматтар жеке сәйкестендіру нөмірін оффлайн режимде рәсімдей алатындығын атап өткен болатын.