loader


Отандық дәрігерлер миға пышақсыз операция жасауды бастады

Отандық дәрігерлер жоғары радиоактивті сәулелермен ем жасауда, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Гамма-пышақ» құрылғысы арқылы бір жылда 400-ден астам науқас ем-дом алып шыққан. Нейрохирургтер мидағы қатерсіз ісікті әп-сәтте жойып жіберетінін айтады.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

Бұл құрылғы мидағы ісікті сәулемен емдейді. Яғни бас сүйекті ашуды қажет етпейді. Отандық нейрохирургтер осы арқылы мидың өте қиын қуысында пайда болған ісікті еш қиындықсыз алып тастай алады.

Павел Шведцов бір жыл бұрынғы жағдайын қайта еске түсіргісі келмейді. Бастың ауырғанына мән бермей, бір күнде талып құлаған. Миында ісік пайда болғанын естігенде бірден нейрохирургия орталығының мамандарына жүгініпті. Оған гамма-пышақпен ем жасалған. Қазір қал-ахуалы жақсарып, көлікті де өзі жүргізеді.

Павел Шведцов, қала тұрғыны:

Мен бұрын басым айналып, жүре алмай қалдым. Гамма-пышақпен еш қиндықсыз емделіп шықтым. Ем жасалған күні аяққа тұрдым. Алайда мидағы ісік бүршіктері бірнешеу болғандықтан, бүгін тағы тексерілуге келдім.

Радиохирургиялық қондырғы ми ісігімен қатар, тамырлы және функционалды ауруларды емдей алады. Аппараттағы гамма сәулесі дәрігер белгілеген ісік ошағына бағытталады. Ал науқас ешқандай ауырсынуды сезбейді. Сондықтан болар Сұлтанбек Ембергенов осымен екінші рет пышақсыз операцияға кіргелі отыр. Аппаратқа жатбас бұрын басына мынадай темір қалып кигізіледі.

Сұлтанбек Ембергенов, қала тұрғыны:

Қазір «Гамма-пышаққа» кіремін. Былтыр жасатқанда ешқандай ауырмады. Өкпе рагы бар да менде. Содан басқа ұшқан дейді. Онкологияда болып 4 рет химия алғам. Тексеруге келгенде анықталды. Бүртіктер бар дейді. Соны күйдіру керек екен.

Хирургиялық ашық операцияларды алмастыратын аппаратпен бүгінге дейін 400-ден астам адам ем алған. Орталық Азияда тек біздің елде ғана болғандықтан, көрші елден келетін науқастар бар. Қазақстан азаматтарына бұл құрылғымен ем-дом тегін жасалады. Нейрохирургтардың қолы жетпейтін, өте күрделі жерде орналасқан ісіктерді осы құралдың көмегімен жоюға болады, – дейді маман. 

Нұрзат Сығай, нейрохирург дәрігер

Кейбір науқастың миында бірнеше ісік болуы мүмкін. Оларды да бір мезетте көп болса, екіге бөліп, арасын 3-6 айға бөліп ем жүргізуіміз мүмкін. Бұның артықшылығы тек потологиялық ошақты сәулелендіреді. Бас миы одан тыс қалады. Науқастар көбінде бізде мұндай аппарат барын біле бермейді. Шетелге баратындар бар.

Қазақстан осындай жоғары технологиялық жабдығы бар ТМД аумағындағы үшінші ел. Жалпы әлемде 400-ден астам «Гамма-пышақ» қондырғысы бар, олардың жартысы АҚШ пен Жапонияда орналасқан. Сондықтан отандық дәрігерлер алдағы уақытта «гамма-пышақтың» қолданыс аясын кеңейтіп, түрлі ауруларды емдеуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Нұрғали Мамырбаев

Сондай-ақ...