Қызылорданың ойын-сауық орталықтарында денсаулық акциясы ұйымдастырылды

Гастроэнтеролог, гематолог, эндокринолог, невролог секілді қолға түсе бермейтін дәрігерлер балаларды ешқандай тіркеусіз және кезексіз қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде тапшы мамандардың қабылдауы жөнінде әлеуметтік желіде алдын ала хабарланды. Сондықтан  көп адам келді. Тіпті, алыс-жақын ауылдардан да баласын арқалап жеткендер бар. Мамандар 3 сағаттың ішінде 150 баланы толық тексерістен өткізіп – үлгерді. Ақ халатты абзал жандар бүлдіршіндерді құр қол қайтармай, сыйлық ұстатып жіберді. Одан бөлек түрлі ертегі кейіпкерлері ойындар өткізіп, дәрігерден қорқатын балалардың көңілін аулап жүрді.  

Жұлдызай Бержанова, қала тұрғыны:

Мен хирург-дәрігерге келдім. Балам алты айдан асты. Профилактика ретінде сосын дисплазия бар ма, жоқ па соны біліп алғым келіп тұр. Былайынша тіркелсең көп күтіп қаламын. Осы маған ыңғайлы болып тұр келуіме.  

Жангелді Шаймбетов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда жоғары санатты дәрігерлер қабылдап жатыр. Бұл акцияны қосымша облыс бойынша барлық медициналық ұйымдардың ішінде ұйымдастырып жатыр. Жыл бойы жалғасын табатын болады.