Алматыда бір тұрғын үйдің бірінші қабатында 15 сауда нүктесі жұмыс істейді

Нөмірі 472 үй Сейфуллин даңғылы мен Төле би көшесінің  қиылысында орналасқан. Мұнда күндіз-түні көлік қозғалысы тынбайды.  Үйдің бірінші қабатында 15 сауда нүктесі жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның ішінде, қоғамдық тамақтандыру орындары тәулік бойы қызмет көрсетеді. Тұрғындардың айтуынша, мына фаст-фуд сататын дүңгіршек былтыр бір-ақ түнде пайда болыпты. Бұл – жұмыс биыл да тоқтар емес. Көктемде құрылысшылар келіп, көгалды қопарып, бұталарды жұлып тастап, қиыршық тас төсеп тастаған. Бір қызығы осының бәрін түнде ғана жасаған.

Әйгерім Әлібекова, қала тұрғыны:

Құжаттарға сәйкес, өткен жылдың 21 қыркүйегінде әкімдік бұл жер телімін Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына берген. Ал, олар құжатты Дегирменге берген. Біз бұған қарсымыз. Құқымыз бұзылды деп санаймыз. Заң бойынша қоғамдық тыңдау өтуі керек еді. Жер телімінің жеке меншікке өтіп кеткенін біз енді ғана біліп отырмыз. Құрылысқа осы үйдің тұрғындары түгелдей қарсы.

Тұрғындардың айтуынша, көше бойындағы жасыл желек пен жаяу жүргіншілерге арналған жол көпке ортақ. Дәл осыған ұқсас жағдай  Момышұлы мен Төле би көшелерінің қиылысында да болды.  Соған қарағанда жергілікті билік жасыл алаңқай мен гүлзарларға келгенде  бас ауыртқысы келмейтін сияқты.

Айсұлтан Мұхамеджанов, қалалық Жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өтініші бойынша  инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін Алмалы ауданындағы Төле би көшесі мен Сейфуллин даңғылының бойындағы жер учаскесі 3 жыл мерзімге жалға берілді. Айта кетейін, стационарлық емес сауда нысаны.

Әкімдік өкілдерінің сөзінше, келісім-шартта көгал туралы айтылмаған.  Ал, қоғамдық тыңдаулар тек қана  тұрғын үй кешені мен сауда орталықтарын салар кезде ғана өткізіледі. Ал, мұндай уақытша қойылған нысандар бойынша тұрғындарды ескертпесе де болады екен. Ал, қарапайым жұртшылық ондай сауда орындары мерзімінде алынбай ұзақ уақытқа қалып қояды, деп дабыл қағып отыр. Олар жергілікті билік шағын және орта бизнестің ғана емес, тұрғындардың пікірін ескерсе екен,- дейді. Ал, әзірге 472-үйдің маңындағы құрылыс тоқтатылып, мән-жай анықталып жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова , Кенже Амраев