476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Тұрғындар наразы: ШҚО-да елді мекеннің ішімен күніне жүздеген жүк көлігі арлы-берлі өтеді

  • 168
  • UPD: 20:34, 27.05.2022

ШҚО-да шаңға көмілген ауыл

Лесхоз ауылы тұрғындарының көрген күні – осы. Елді мекеннің ішімен күніне жүздеген жүк көлігі арлы-берлі өтеді.  Кен орнына бағыт алған камаздар орталық көшемен емін-еркін жүйткиді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медет Манашев, Лесхоз ауылының тұрғыны:

Шаңның астында қашанғы өмір сүреміз? Жүк көліктерінің гүрілі құлақ тұндырады. Ақырын жүруге тырысады, бірақ ауыр техниканың аты ауыр техника қой.  

Елді мекеннің дәл іргесіндегі үш кеніште қиыршық тас өндіріледі. Ауыл тұрғындары өндіріс кеңейген сайын тыныстың тарылып бара жатқанына алаңдайды. Жайқалған қарағайлы орманның ажарының қаша бастағанына қамығады.

Галина Лапина, Лесхоз ауылының тұрғыны:

Бұл жерде ағаш мол еді. Ештеңе қалмады. Қайың да жоқ, қарағай да жоқ. Тек қазаншұңқырлар ғана қалды. Екі жылда 5 адам суға батып кетті. Балаларды көшеге шығаруға қорқамыз.

Риддер қаласының әкімдігі мұны жақсы біледі. Алайда жайбарақат. «Ауылға айтарлықтай қауіп төніп тұр деп айта алмаймыз. Кен орны заң аясында жұмыс істеп жатыр» дейді олар.

Нұрсұлтан Көккөзов, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы:

Тұрғындар бөлек жол салу мәселесін көтеріп жүр. Бұл оңай шаруа емес. Өйткені ерекше қорғалатын орман қоры бар. Аталған мәселені мердігерлерді тарту арқылы шешпек ойдамыз. Құжат жағы қиындық тудыруы мүмкін.

Мәселе шешімін табуы үшін Үкіметтің қаулысы қажет. Жергілікті шенділер түйткілді республикалық деңгейде көтеруге асығар емес. Естеріңізге сала кетейік, былтыр дәл осы ауылда өрт шығып, 30-ға жуық үй жанып кеткен болатын. Атқамінерлер бұл проблемаға назар аудармаса жоғарыға шағым жазамыз, -дейді ауыл халқы. 

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы