БҚО-да мал көп, жайылым жоқ

Пятимар ауылының тұрғыны Теміреш Макаров бұрын кәсіпкер ретінде ауылдың малын жинап, тұрақты бағып отырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда кейін жайылымы басқа біреудің меншігіне өтіп кеткен. Сөйтіп шаруа жұмысын тоқтатыпты. Ал қазір ауылда мал бағатын адам жоқ. Бақташы тапқан күннің өзінде бағасы қымбат. Енді кейіпкеріміз қайтадан кәсібін ашқысы келеді. Әйткенмен елді мекеннің төңірегінде бос жер жоқ. «Оның үстіне ол аумақтар игерілмей текке жатыр» деп ашынады ол.

Теміреш Макаров, Пятимар ауылының тұрғыны:

Жер тар бізде. Қазір мал басы өсті. Бұрынғы мына айналаның бәрін, жақын жердегі қожалықтар құрылып, қожалықтар алып кеткен. Біздің ауылда жоқ кісілер де алып кеткен жерлерді. Маған мың га жер жарайды. Суға жақын жерден жер болса, мал жаятын. Халықтың малы тоз-тоз болып, бөлініп кетеді жан-жаққа. Жаздай жоғалады. Су жоқ. Мына каналдарға су келмейді. Күзде тартылып кетеді. Сосын малдарды былай қуады қожалықтар, былай қуады. Сөйтіп жүргенде мал басы жоғалады.

Шаруа 3 жылдан бері әкімдіктен жер сұрап, әлі ала алмай келеді. Бұл – аудандағы бір ғана мысал. Мал шаруашылығын түлетуді көздеген бірнеше адам жер таппай, дауласып жүр. Жауапты мамандар да саладағы дау күрделі мәселеге айналғанын жасырмады. Олар елді мекендердің аумағын кеңейту жобасы басталғанын алға тартты.

Есен Бекболатов, Жаңақала аудандық Жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Тәуелсіздік алған жылдары халықтың жайылымдық алқаптарға мал санымен есептелген. Сол уақыттарда жеке тұрғындарда мал басының аз болуына байланысты шекаралары, жер учаскелері аз қарастырылған.  Жаңақала ауданы бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 1 млн 100 мың га жер учаскесі жалға берілген. Аудандық әкімдік тарапынан 30 мың га жер учаскесіне жер шаруашылығын орналастыру жобасы жасақталып, елді мекен шекараларын кеңейту жүргізілуде. Қазіргі уақытта аудан көлемінде 6 мың га жер учаскесі резервке қойылды.

Сонымен қатар бұл бағытта қоғамдық жұмыс тобы құрылған. Олар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің игерілу барысын бағамдайды. Биыл 6 қожалық меншігіндегі пайдаланылмаған 10 мың гектарға жуық учаске мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал енді бір кәсіпорын өз еркімен дәл осындай көлемдегі жайылымын әкімдікке берген.

Мал зауыты ЖШС Бірлік ауылдық округінің жайылымдық жерлерін ұлғайту мақсатында 9 мың га жер уческесінен өз еркімен бас тартып, қазіргі таңда мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Шамамен осы айналаны қайтарайын деп жатыр.

Жұмыс тобының өкілдері игерілмеген жерлерді кері қайтару шараларына заңның кейбір тармақтары кедергі екенін айтып отыр.

Руслан Оразалиев, аудандық Мәслихат депутаты:

Бізде жерді алғанда, мысалы, 49 жылға береді. 10 жыл пайдаланбады ма, қалған жалдау құқығын ол сата алады. Бұл да бұл мәселені шешуге кедергі. Себебі біз оны тоқтату керекпіз. Оны біз жұмыс тобы ретінде тоқтата алмаймыз. Бізге заңға өзгеріс керек. Бұл жерде қожалық жетекшілерінің де құқығы сақталу керек. Еш жерде заң бұзылмау керек. Заңды түрде бір шектеу қою керек деп есептеймін. Жердің жалдау құқығы сатыла беретін болса, бұл проблема шешілмейді. Осылай қала береді.

Аймақ экономикасының күретамыры – ауыл шаруашылығы. Жер дауының жиілеуі тұтас өңірдің әлеуетіне кері әсер етеді. Тірлігі төрт-түлікпен күнелткен шаруалар жайылым мен шабындықтан тарлық болмауын заңмен қатаң қадағаланғанын қалайды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов