Көкшетауда жылу электр станциясы салынады

Қазір бұл өңірде көктемгі егін егу науқаны аяқталуға жақын. Үкімет басшысы алқаптағы жұмыс барысымен қожалықтардың біріне келген кезде таныс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда Әлихан Смайылов аграрлық саладағы мәселелерді кәсіпорын басшылары шаруалармен бірге талқылады. Атап айтқанда, субсидия алу, білікті мамандар және техниканы жаңартумен тағы басқа өзекті сауалдар көтерілді.

Айбат Есентұров, шаруа:

Жастар ауылда қалғысы келмейді. Тым болмаса ауданның орталығына кеткісі келеді. Сондықтан осы проблеманы ақырындап шешу керек. Субсидия болады ғой.онсыз болмайды, өзгерістер болып жатыр дұрыс жағына қарай. Кішкентай қожалықтар бар. Ескі комбайн, ескі трактормен шаршап, терлеп-тепшіп жүреді. Өнім аз болады, уақытында себе алмайды, уақытында жинай алмайды.

Премьер-Министр қазір бұл саланың дамуы үшін барлық іс-шаралар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, жеңілдетілген несие көлемі 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, бидайды форвардтық әдіс арқылы сатып алу бағдарламасына 80 млрд теңге қарастырылған. Ал, Ақмола облысы осы көктемгі науқанды ойдағыдай атқару үшін тұқым, тыңайтқыш және жанар-жағармаймен қамтылған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Біз ең алдымен өндіруді арттыруға ден қойып келеміз. Республикалық бюджеттің ақшасы ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін ұлғайтуға жұмсалуы керек. Бұл дегеніміз – ғылым, тұқым дайындау, техника, инвестицияға субсидия тарту. Басқа да қаржы көздерін жергілікті бюджет те әр өңірдің ерекшелігі, шаруашылығына қарай рұқсат етеді.

Үкімет басшысы болған басты нысандардың бірі – қаладағы жылыту қазандығы. Бүгінде тозып тұрған нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін екі млрд-тан астам қаражат қажет. Сондай-ақ Көкшетау жылу электр орталығы жоқ елдегі жалғыз қала. Оның құрылысы ауқымды мәселені жоюға сеп болмақ. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Энергетика министрлігіне қажетті жылу электр орталығын жоспарланған мерзім ішінде салынуын тапсырамын. Бұл өңір үшін ең маңызды инфрақұрылымдық жоба. Ал, қазандыққа келсек, жөндеу жұмысын толық жүргізіп, келесі жылыту маусымына дейін дайын ету қажет. Сондай-ақ министрлік қажетті 60-62 мың тонна көлеміндегі мазут табуы керек және бағасына да қатысты келісуі тиіс.

Тракторлар мен комбайндар, ауыл шаруашылық техникаларына қызмет көрсететін сервистік орталықтар мен ет өңдеу кешені де назардан тыс қалмады. Үкімет басшысы шығарылатын өнім көлемін одан әрі арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондықтан қарқынды төмендетпей, сырттан келетін тауардан гөрі ішкі қажеттілікті қамтуда өз мүмкіндігімізді ұлғайта беруді тапсырды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Аслан Абуталипов, Евгений Шинкаренко