Сенат төрағасы Алматыда сарапшылармен «Жаңа Қазақстан» бағдарын талқылады

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматыда сарапшылармен жүздесіп, «Жаңа Қазақстан» бағдарын талқылады. Парламент Сенаты жанындағы жас сарапшылар клубының мүшелерімен кездесуде Мәулен Әшімбаев Конституцияға енгізілетін түзетулер, ең алдымен, адам құқықтарын қорғаудың барынша тиімді жүйесін қалыптастыруды көздейтінін айтты.

Еліміздің әр азаматы жүгіне алатын Конституциялық сот құру және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлін арттыру сияқты нақты шаралар осы бағыттағы маңызды қадамдар екені сөзсіз. Мәулен Әшімбаев өзгерістер Парламенттің саяси жүйедегі рөлін және сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін күшейтетінін де атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Бұл реформалардың барлығы ашық және бәсекеге қабілетті саяси жүйе қалыптастыруға жол ашады. Шын мәнінде, бүгінгі конституциялық өзгерістер жаңа Қазақстанды құқықтық, демократиялық, әділетті мемлекет ретінде құруға бағытталған.

Сенат спикері зиялы қауым өкілдерімен де кездесіп, конституциялық өзгерістер мен олардың ел дамуына әсерін талқылады.