Арал аймағына донорлық көмек беру мәселесі көтерілді

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер Арал аймағына донорлық көмек беру мәселесін көтерді.

Ташкентте өткен жауапты сала өкілдерінің отырысында экологиялық ақпарат алмасуға арналған платформа жобасы мақұлданды. Кеңес хаттамасына халықаралық донорлық көмекті жетілдіру жөніндегі бастама да енді. Оны қазақстандық тарап ұсынды. Экологиялық бақылау комитетінің жетекшісі қоршаған ортаны қорғау жобаларына Біріккен Ұлттар Ұйымының қаржылық қолдау механизмдерін тарту қажеттігін еске салды. Әзірге теңіз табанындағы күрделі жағдайды реттеуге Қазақстан мен Өзбекстан күш салып жатыр.

Зұлфұхар Жолдасов, ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:

- Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту үшін 4 жарым млн гектар жерге сексеуіл егу керек. Осыған байланысты теңіздің құрғаған табанын фитомелиорациялау жөніндегі бағдарламаны және Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз. Қазақстан былтыр теңіз табанының 100 мың гектар жеріне сексеуіл екті. Биыл бұл жоспар 250 мың гектар аумақта орындалады.