Түркістан облысында ағын судан тапшылық болуы мүмкін

Биыл көктемде жауын-шашын жылдағы мөлшерден бірнеше есе көп түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ соған қарамастан ауа райын болжаушылар жаз мезгілінде кей өңірде құрғақшылық болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғындары ағын суды барынша тиімді пайдаланып, егістікті суарып қалуға тырысып жатыр. Ұзындығы 40 шақырымнан асатын «Найман» арық каналы 3 ауылды ағын сумен қамтамасыз етеді. Қазір бұл арықта су мол. Кемі 3-4 текше метр су жатыр. Бірақ жаздың ортасына қарай азаюы мүмкін. Оны мамандар тау басындағы мұздықтардың еріп кетуімен байланыстырады. Соның салдарынан жергілікті су қоймаларындағы су деңгейі де аз болуы әбден мүмкін. Бірақ мұның бәрі әзірге болжам ғана.

Темірбек Ибрагимов, шаруашылық жетекшісі:

Былтыр осындай уақытта су тапшылығы байқалып тұрған болатын. Биылғы жылы су өте жақсы. Жылдағыға қарағанда жақсы. Бір рет суарып алдық қожалықтағы жерлеріміздің бәрін. Биыл судан тапшылық көрмейміз деген оймыз бар. Келешекте осы қыстық суды үнемдеп ұстау үшін су қоймасы ма, көл ме болса өте жақсы болар еді.

«Қазсушардың» жергілікті өкілдері ағын су тапшылығының себебін түсіндірді. Мамандардың айтуынша, Арыс өзені өңірдегі бірнеше ауданды ағын сумен қамтамасыз ететін бірден-бір ылғал көзі. Ал ол барлық шаруаға бірдей жете бермейді. Сондықтан ондағы бар суды тиімді пайдалану үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы шаруаларға суды аз қажет ететін дақыл түрлерін егуге кеңес береді. Сондай-ақ суарудың балама түрлерін ұсынып отыр. Мысалы, тамшылатып суаруды қолдануға болады.

Азат Оралбаев, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

– Биыл жылдағы су жетпей жатқан жерлердің бәріне су жетті. Қосымша мың гектарға жуық ескі жоңышқамыз бар, басқа да дақылдар су ішті. Бізде суармалы жеріміз толық қамтылды. Бұл тегін су, бірінші, сумен барлығын жүз процент қамтыдық. Екінші, берілетін су егістіктің су ішу мерзіміне байланысты кезең-кезеңімен су алады. Маусымның 5-нен кейін су беріле бастайды. Биыл судан тапшылық болмайды деген жоспарымыз бар.

Ордабасы ауданында ірілі-ұсақты 90 канал бар. Олардың барлығы механикалық тазалаудан өткен. Ал 4-еуі биылғы жылы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Әзірге өңірдегі бірде-бір диқан судан тапшылық көріп отырмағанын айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш