Алматылық спорт ардагері Шаған тауына ту тікті

Бір саусақпен кір тасын көтеруден рекордтар кітабына енген Әбдуәли Тастанов мемлекеттік туды Шаған тауының шыңына алып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қол күресінен әлемнің екі дүркін, Азияның 11 мәрте жеңімпазы мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын осылай атап өтті. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған шараға жүзден аса жас қатысты. Биіктігі 92 метр болатын ту тұғырдың түбінде өткен салтанатты жиында Әбдуәли Тастановқа көк байрағымызды елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков табыстады. Шаған тауы Талдықорғаннан 60 шақырым қашықтықта Көксу мен Кербұлақ аудандарының ортасында орналасқан. Биік шыңы – 2500 метр. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

–Тау етегінен басына дейін 5 шақырым болады екен. Біз көтеріліп келе жатқан теріскей жағы болғандықтан қия беткей. Сондықтан қалың арша мен тау-тасты айналып өтуге тура келді. Міне, қар жатқан жерге де жеттік. Бұл сапарға шығу үшін 64 жастағы Әбдуәли ақсақал арнайы дайындықтан өткен.

Әбдуәли Тастанов, қол күрестен әлемнің екі дүркін жеңімпазы:

– Тік өрге жүргенде адамның балтыры шыдамайды. Соған арнайы жаттығу дене дайындығы болады. Үш ай дайындалдым. Бел екі жамбасымызда ұршық болады,  оған арнайы жаттығу керек. Ішегімізде пресіміз мықты болу керек. Оны жасадым.

Бір саусақпен 32 келілік кір тасын көтеруден Гиннестің рекордтар кітабына енген Әбдуәли Тастанов межелеген жеріне 3,5 сағатта жетті. Сөйтіп Шағанның ең биік шыңын бағындырды. Әлемдік додаларда еліміздің әнұранын асқақтатқан спорт ардагері Талдықорған аймағындағы ең биік тауда көк байрағымызды желбіретті.

Әбдуәли Тастанов, қол күрестен әлемнің екі дүркін жеңімпазы:

– Бұл анооу олимпидадада Нұрбақыт Теңізбаевтың желбіреткен туы. Бұл туды Жандарбек ағамызға табыстап, ол кісінің қолынан мен алып, осы жерге алып шығып отырмын. Бірнеше мемлекетте желбіреген ту. Мақсатым мемлекеттік көк байрағы тұғырлы, ата заңымыз тұрақты болсын деп, қазақ елі мәңгілік ел болсын өскелең ұрпағымыз салауатты өмір салтын ұстансын, бар арманың қазақтың балалары биік-биік шыңдардан көрінсе екен.

Қол күрестен әлемнің екі дүркін және азияның 11 мәрте жеңімпазы атанған Әбдуәли Тастанов енді Түркияда өтетін дүниежүзілік додаға қатысады. Сол жерде де жеңіс тұғырына шығып, мемлекеттік тудың биіктен көрінуіне бар күш жігерін жұмасамақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов