Созақтағы диқандар егістікті жаңбырлатып суаруға көшті

Себеп су тапшы. Бұрын шаруа баққан ағайын жоңышқаны көктемгі жаңбыр суынан кейін бір рет ғана оратын. Тағы брі шалғы салуға уақыт болғанымен судың жоқтығы қол байлап келді.

Енді диқандар жаңа әдіспен суармалы алқаптың көлемін арттырған. Бұл тәсіл суға да үнем, пайдасы да шаш етектен. 

Созақ ауданының тұрғыны Асқар Мыңжасардың 50 гектар суармалы жері бар. Бірақ шаруа су тапшылығы болғандықтан бұған дейін оның бәрін толық игере алмайтын. Еккен жоңышқасын жылына бір-екі мәрте ғана орып алатынын айтады. Енді биыл жаңбырлатып суару техникасын сатып алып, 50 гектарға тұтас жоңышқа еккен. Алқап басынан құдық қазып, 2,5 мың текше метр су сиятын тоған жасаған. Қазір құрылғы күндіз-түні жұмыс істеп тұр.

Асқар Мыңжасар, шаруашылық төрағасы:

- Ұзындығы мұның 320 метр, басындағы айналдырып шашатынмен 350 метр жерді қамтиды. Сонда бір айналғанда 40 гектар жерді суаруға жетеді. Мына жердің өзі сәл қатпарлау, тастақты жер. Бұл тез шөлдейді. Сол себепті бұған үнемі ылғал керек. Сонда ғана бұл жақсы өнім береді. Биыл жан-жағынан тағы 10 гектар қостым. Одан да өнім болады. Оның арғы жағында тағы 10 гектар жерім бар. Оған енді көкөніс егеміз.

Мамандар жаңбырлатып суару технологиясы арқылы өнімділікті 2-ден 4 есеге дейін арттыруға болатынын айтады. Мәселен, бұған дейін жоңышқаның әр гектарынан 15 - 20 центнерден өнім алынса, енді өнімділікті 40-45 центнерге дейін жеткізуге мүмкіндік болады. Әрі суды екі үш есеге дейін үнемдейді.

Мұхит Тұрысбеков, Созақ ауданының әкімі:

- Суармалы жерлерді тиімді пайдалану үшін осындай жаңбырлатып суару, үй іргесіндегі жерлерді тамшылатып суару, сондай мәселеге көп көңіл бөліп жатырмыз. Осы 40 гектарды қостық. Бұдан кейін тағы анау қондырғысы көрініп тұр, сол жерде де 40 гектар қосамыз. 140 гектар жер Есенбековтің шаруашылығы, 40 гектар Созақ ауылында дайындап жатырмыз. Жалпы биыл ауданда 311 гектарға жеткізсек деп отырмыз.

Енді созақтық шаруалардың тек мал азығы дақылдарын ғана емес, жаңа технологияның көмегімен көкөніс, бақша дақылдарын да өсіруге мүмкіндігі болады. Нәтижесінде өнімділік артып, ел ырзығы молая түседі. Бұл халықтың әл ауқатының артуы мен өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына зор серпін береді.

Айта кетейік, жаңбырлатып суару технологиясын енгізген шаруа шығынының тең жартысын мемлекет субсидиялап береді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов